Бұл туралы ҚазАқпарат хабарлайды.

Оның айтуынша, республикада 4 млн 600 мың адам 42 500 теңге алған және көптеген азаматтар бірыңғай жиынтық төлемді алғаш рет төлеу арқылы өз қызметін заңдастырған.

«Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыруды енгізуде көптеген мәселелер туындаған еді. Көп адамның мәртебесі рәсімделмеген болды, яғни еш ақпараттық жүйеде тіркелмеген. Тиісінше олар медициналық сақтандыру жүйесіне, әлеуметтік сақтандыру, зейнетақы жүйесіне қатыса алмады. Осылайша, 1 млн 300 мың адам бірыңғай жиынтық төлем төлеп, өз қызметін заңдастырды. Қазір олар оңтайландырылған тәсілмен салық органдары мен біздің ақпараттық жүйеге енгізілді», - деді Б. Нұрымбетов Үкімет үйінде өткен брифингте.

Министр бұл адамдарға өз қызметін рәсімдеу және заңдастыру бойынша жан-жақты көмек көрсетілетінін түсіндірді.

«Мұнда Жұмыспен қамту жол картасы, «Еңбек» мемлекеттік бағдарламасы сынды барлық құралдарды қолданамыз. Оқыту шаралары да қарастырылады. Өз жұмысын заңдастырған, кішігірім кәсіпкерлікпен айналысқан адамдарға жеңілдікпен микронесие алуға, өз бизнесін заңды түрде дамыту үшін грант алуға көмектесеміз. Бейресми, еңбек келісімінсіз жұмыс істегендерге де жергілікті атқару органдары тарапынан жұмыс берушімен еңбек қатынасын реттеуге көмек көрсетіледі», - деді Б. Нұрымбетов.

pavlodarnews.kz

Тэги: