- Аула ішіндегі аумақтарға қатысты көптеген сұрақтар түсуде, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Көбінесе Екінші Павлодардан бастап көріктендіруді сұрайды. Дегенмен қаланың орталығында да жағдай көңіл көншітпейді. Мысалы, Сәтбаев көшесі, 247 мекенжайын алатын болсақ, қоқыс шашылып жатыр. Орталықта тұрғындар өте көп жиналады. Оның ішінде ересектермен қатар балалар да бар. Өкінішке орай, ол жерде тәртіп көрінбейді. Бұл - менің 2-3 минуттың ішіндегі жеке бақылауым. Ал енді қаланың шеті мен алыс шағын аудандарында не болып жатқаны айтпаса да белгілі.

Аймақ басшысы Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкеновтен аулаларды іріктеу қалай жүргізілетіні туралы сұрады.

- Шаһарды кешенді көріктендіру бағдарламасы қалада бірінші жыл жүзеге асырылып жатқан жоқ, алайда нәтижесі байқалмайды, - деді облыс әкімі. - Қала тұрғындарының арнайы аймақтарға көңілі толмайды. Көріктендіру бойынша сараптама және аула іші аудитін жүргізу керек. Көрші аулалар мен шағын аудандардың арасында үйлеспеушілік бар. Осы аптада неліктен нақты бір аулада жұмыс атқарылып жатқаны бойынша тұжырымдама дайындау қажет.

Қайрат Нүкеновтің айтуынша, аулаларды іріктеу есептік кездесу барысында түсетін өтініштер негізінде және аралау кезінде таңдалып алынады. Сондай-ақ қала және облыс сайттарына өтініштер ескеріледі. Барлығы 101 ауланы жөндеу жоспарға енгізілген.

Сондай-ақ облыс әкімі Абай көшесіндегі жаңа жолды қайта жаңартуға қатысты тұрғындардың шағымдарына тоқталды.

- Олармен бұл көшені көріктендіру бойынша ешкім түсіндіру жұмыстары мен қоғамдық тыңдаулар жүргізбеген, - деді Әбілқайыр Сқақов. - Тұрғындар бюджет шығындарына алаңдауда. Гагарин көшесінен Амангелдіге дейінгі учаскені жобаға енгізген. Асфальт жамылғысына жөндеу бойынша бұл жерде төрт жыл бұрын жұмыс жүргізілген. Шынымен де солай ма екенін анықтау керек. Бұл учаскедегі жолдың жағдайы қанағаттанарлық. Неліктен сол көше таңдап алынғаны туралы сұраққа ешкім нақты жауап бермеген және бұл жолдың жағдайын бағаламаған. Сондай-ақ облыс орталығының өзінде 20 шақты сақалды құрылыс нысаны бар. Бұл нысандар эстетикалық тұрғыдан сән бермейді. Бұған қоса, тұрғындарға қауіп төндіруі мүмкін.

Облыс әкімі өзінің бірінші орынбасары Сұңғат Есімхановқа үш қала бойынша жағдайды бақылауға алуды тапсырды.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, көріктендіру, Павлодар облысы