Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясында облыстық энергетика және ТКШ басқармасы басшысының орынбасары Талғат Испулов мәлім етті.

- ТЖ кезінде Үкімет тарапынан коммуналдық шығындар үшін 7 санаттағы азаматтарға 15 мың теңге төлеу туралы шешім қабылданғаны белгілі, - дейді Талғат Испулов. - Өңірде 50940 адам бұл қызметті қолдана алады. Бүгінгі таңда 23273 адам немесе 46 пайызы өтініш берген. Сайт қалалар бойынша әзірленді. Аудан тұрғындары ауылдық аймақтардың әкімдіктеріне барып, өтініш жаза алады. 51 мыңға жуық адамның 35 мыңы - қала тұрғындары.

Оның айтуынша, 15 мың теңгеден төлемақы сәуір және мамыр айларына қарастырылған. Ол үшін Call-орталықтарға хабарласып, жеке сәйкестендіру нөмірі, әлеуметтік мәртебесі туралы құжаттар мен дербес есепшотын ұсыну қажет.

11 мамырдан бастап іске қосылған Call-орталықтарға 23 мың өтініш келіп түскен. Оның 15 мыңы өңделген және төлемдерді аударуға дайын. Республикалық бюджеттен түскен қаржы қалалар мен аудандардың әкімдіктеріне жіберілген.

- Мамыр айының басында Павлодар, Екібастұз және Ақсу қалаларында онлайн режимде өтініштерді қабылдайтын сайт құрылды және бірнеше рет өңделді, - дейді Талғат Испулов. - Бұл өтініштер өңделгеннен кейін дербес шотын растау үшін коммуналдық кәсіпорындарға жолданады. Бұдан кейін ақпарат әкімдіктерге жіберіліп, төлем жасалады.  

Спикер қазіргі таңда кері байланыс орнату, яғни өтініштер қабылданып, төленгені туралы смс-хабарлама жіберу қарастырылып жатқанын айтады.

- Сайтқа 12 мың өтініш келіп түскен. Оның 80 пайызы өңделді және төлемге дайын, - дейді ол. - Сайт министрлікпен бекітілген ережеге сәйкес 25 маусымға дейін жұмыс істейді. Сондықтан 20 маусымға дейін өтініштерді беріп үлгеру керек. Егер де өткен айда үлгермеген тұрғындар болса, маусым айында жіберіп, екі айға төлем ала алады. Тұрғындардың мәліметтерді дұрыс бергені және ұялы телефон нөмірін көрсеткені дұрыс. Сол арқылы операторлар қосымша ақпарат алады. Сондай-ақ Кривенко көшесі, 25 мекенжайы бойынша азаматтарды қабылдау бөліміне жүгінуге болады.

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық көздерден

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, коммуналдық ақы, ТЖ