Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында «Тұрғын үй құрылыс жинақ банкі» АҚ облыстық филиалының директоры Талғат Баилов мәлім етті.

- Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың тапсырмасы бойынша «Нұрлы жер» бағдарламасының жаңа бағыты әзірленуде, - деді Талғат Баилов. – Жаңа жоба «5-10-20» шарты бойынша тұрғын үй сатып алу үшін азаматтарды несиелендіруді қарастырады. Яғни жоба бойынша үй алатындарға несие мөлшерлемесі – 5 пайыз, бастапқы жарна – 10 пайыз, қарызды өтеу мерзімі – 20 жылға дейін. Баспананы «Нұрлы жер» бағдарламасы аясында салынған жаңа тұрғын үй кешендерінен де, жеке құрылыс салушылардан да сатып алуға болады. Жоба әзірге тек жаңа үйлерге арналған.

«5-10-20» бойынша салынатын үйлердің бағасы Нұр-Сұлтан мен Алматы қалаларында 18 млн теңгеге дейін болса, Павлодар облысында 12 млн теңгеден аспауы тиіс. Сондай-ақ өңірімізде аталған бағдарлама арқылы сатылатын үйлердің 1 шаршы метрінің бағасы 160 мың теңгеге дейін болуы қажет.

Талғат Баилов пилоттық жоба бойынша үй кезегінде тұрғандар ғана баспаналы бола алатынын айтты.

- «5-10-20» пилоттық жобасына тұрғын үйге мұқтаж ретінде жергілікті атқарушы органдарда есепте тұрған азаматтар қатыса алады, - деді Талғат Баилов. – Жоба әзірге дайындалу үстінде. Нақты шешім алдағы уақытта шығады. Оған қоса, жыл соңына дейін даму және қолдаудың «Отбасы банкі» атты институты құрылады. Ол тұрғын үйді есепке алу, тіркеу және бөлуді бір орталықтан атқаратын болады. Тұрғын үй кезегін бақылайды.

Сонымен қатар, «5-10-20» бойынша табыс көзі отбасындағы жан басына шаққанда 3,1 күнкөріс деңгейінен аспайтындар үй ала алады.

- Сәуір айынан бастап 1 күнкөріс деңгейі 32668 теңгені құрайды, - деді «ТҚЖБ» АҚ ПОФ бизнесті дамыту бөлімінің маманы Мақсат Отыншин. – 3,1 күнкөріс деңгейі 101270 теңгеге тең. Табысы 1 күнкөріс деңгейінен аспайтын отбасылар жалдамалы пәтер ғана ала алады. Ал, жан басына шаққанда табысы 65336 теңгеден аспайтын отбасы «Бақытты отбасы» бағдарламасына қатысады.

Айта кетейік, бүгінде Павлодар облысында үй кезегінде тұрған 27 мыңға жуық адам бар. Ал, облыс орталығында үй кезегінде тұрғандар саны – 15573.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, 5-10-20, тұрғын үй, үй кезегі, баспана