Бұл туралы Ертіс ауданы білім бөлімінің әдіскері Нұргүл Сұлтанова мәлім етті.

- Елімізде ұлы ақынымыз Абай Құнанбайұлының мерейтойына арналған түрлі акциялар ұйымдастырылуда, - деді Нұргүл Сұлтанова. – Олардың көбінде тек өлеңдерін оқып, жатқа айтып жатады. Біз оны түрлендірдік. Оқушылар мен ұстаздар Абайдың қара сөздерін айтып қана қоймай, оны талдап, түсіндіріп, мәнін ашады. Сол қара сөздің бүгінгі күнгі өзектілігін айтады.

Акцияны 20 мамырда Қарақұдық орта мектебі бастады. Оқушылар мен ұстаздары 31 қара сөзді талдаған.

- 31 қара сөзінің көлемі шағын. Қара сөзді талдауға Қарақұдық орта мектебінің оқушылары Фариза Жұматай мен Жансая Жұматай және қазақ тілі мен әдебиеті мұғалімі Қуанышбек Шәріпов қатысты, - деді Нұргүл Сұлтанова.

Айта кетейік, Ертіс ауданында 26 орта мектеп бар. Акция жазғы демалыс уақытында да жалғасын табады.

pavlodarnews.kz

Тэги: