Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының орынбасары Жасқайрат Қайыров мәлім етті.

- 2020 жылдың қаңтар айынан бастап өз міндетін дұрыс орындамаған 87 ата-ана құқығынан айырылған, - дейді Жасқайрат Қайыров. - Сондай-ақ тиісті деңгейде міндетін атқармағаны үшін ҚР Әкімшілік құқық бұзушылық кодексінің 127-бабы бойынша 158 ата-ана әкімшілік жауапкершілікке тартылған. Қолайсыз және аз қамтамасыз етілген отбасылардың балаларының уақытын тиімді өткізу бойынша жұмыс жүргізілуде. Жыл басынан бері 375 бала қамтылған. Оның 75-і ішкі істер органының тізімінде тұр. 100-і қолайсыз отбасыларда тәрбиеленуде.

Сондай-ақ спикер полиция департаментінің ведомстволық «Динамо» спортзалында кәмелетке толмаған балалар спортпен шұғылданатынын атап өтті.

- 150 шақты баланың 50-і күнделікті қатысады, алайда қазіргі таңда карантинге байланысты бұл шаралар тоқтап тұр, - дейді ол. - Сондай-ақ 256 әскери патриоттық клуб құрылған. Бұл шаралардың барлығы білім беру басқармасымен бірге жүзеге асырылады. «Жас сарбаз» патриоттық клубымен 6000-нан астам адам қамтылды. 24 мектеп базасында өткен жылдың басынан 7-сынып оқушыларына арналған «Жас полицей» атты кадет сыныбы ашылған. Бұдан бөлек, мектептерде криминалдық полиция басқармасымен және білім беру басқармасымен сауалнама жүргізілді. 9-10, 11-сынып оқушылары арасында психологтармен 65 көшбасы анықталып, тізім құрылды. Оларға жедел басқару орталығы, уақытша ұстау оқшаулағышы, кинология қызметі және басқа да нысандарға экскурсия ұйымдастырылды.

Жасқайрат Қайыровтың айтуынша, әкімшілік жауапкершілікке 129 кәмелетке толмаған тартылған. Оның ішінде 59-ы- ұсақ бұзақылық.

Ішкі істер органдарының есебінде 97 бала тәрбиелеп отырған 335 қолайсыз отбасы есепке алынған. Балаларды патронаттық тәрбиеге алған отбасылар мен интернат мекемелер де үнемі полиция қызметінің бақылауында болады.  

 

Ақбота Сейсенбаева

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам