- Кеше Ораза айт мерекесіне қатысты Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының мәлімдемесі шықты, - деді Жолдас Қоспақұлы. – Соған байланысты мешіттерде айт намазы оқылмайды. Өңіріміздегі енгізілген карантинге біз де бағынуымыз керек. Ал енді айт намазын үйде оқу туралы сұрақтар туындап жатыр. Біздің Ханафи мазхабымызда айт намазы үйде оқылмайды. Оның орнына дұха нәпіл намазын оқуға болады. Оны 2 немесе 4 рәкағат етіп оқиды.

Жолдас қажы Қоспақұлы Ораза айт мерекесін қалай тойлау керектігін де айтып өтті.

- Біздегі мешіттер жылда орталық мешіт ауласында бірлесіп, балаларға рухани-патриоттық шаралар ұйымдастыратын, - деді Жолдас Қоспақұлы. – Спорттық бәсекелер, Құран жарысы сияқты көптеген шара өткізіп, соңында палау тарататынбыз. Биыл ондай шаралар болмайды. Бұл Ораза айт – мереке. Сондықтан бір-бірімізді құттықтап, сыйлық беріп, бала-шағамызды үйретуіміз керек. Адамдар мереке екенін сезінуі тиіс. Ораза айтта құрбан шалу, үлкен қажылық - парыз емес. Ораза айт уақыты - 1-ақ күн. 24 мамырда айтшылап, 25 мамырда Шәууал айының 6 күндік оразасын ұстап бастауға болады.

Сонымен қатар, облыстың бас имамы тұрғындарды Ораза айт мерекесімен құттықтады.

- Мен облыс тұрғындарын, жалпы жамағатты, Қазақстан халқын Ораза айт мерекесімен құттықтаймын! Бұл мереке болған соң жақсылық жасап, бір-бірімізге көмектесіп, кешірімді болып, қуаныш сыйлайық. Қазіргі індеттен жылдам айығып, карантин аяқталып, мешіттеріміз ашылып, еліміз бұрынғы күйіне түсуге жазсын! Елімізде бірлік, әр шаңырақта береке болсын деп тілеймін. Келесі жылы айтта қауышуға жазсын, - деді Жолдас Қоспақұлы.

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар облысы, Ораза айт, дін