Бұл туралы Павлодар облысы «Өрт сөндіру қызметі және авариялық-құтқару жұмыстары» ММ жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов айтты.

- Құтқару және іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін жедел-құтқару отрядында 31 бірлік жүзу құралдары: 1 теплоход, 3 катер, 18 моторлы қайық, 5 үрлемелі қайық және 4 ескекті қайық бар, - дейді Серік Шериязданов. - Облыс бойынша суда іздестіру жұмыстарын жүргізу үшін сүңгуір құралдарымен жабдықталған 3 мобильді топ бар. Олардың екеуі облыс орталығында, біреуі Екібастұз қаласында орналасқан. Бұл топтарға жүзу құралдарын тасымалдау үшін қажетті тіркемелері бар 3 автокөлік бөлінді.

Оның айтуынша, шомылу маусымы кезінде патрульдік жасақтар су акваторияларына бақылау жүргізеді. Сонымен қатар, суға түсуге арналмаған және қауіпті учаскелерде мобильді бекеттер құрылады. Олар Ертіс және Усолка өзендерінің бойында, Зеленая роща, Жылы ағыс, Усолкадағы Жүзу каналы және Ақсу қаласындағы ескі мұнай базасының аумағында орналасады.

- Мобильді бекеттер демалыс және мереке күндері түскі сағат 12.00-ден кешкі 19.00-ге дейін табиғи-климаттық жағдайға байланысты жұмыс істейді, - дейді Серік Шериязданов. Қазірдің өзінде департамент және қалалар мен аудандардағы төтенше жағдай басқармалары мен бөлімдерінің қызметкерлері жергілікті полиция қызметкерлерімен бірге жағажайларда рейдтерді тұрақты түрде жүргізіп келеді. Олар азаматтарға суға түсу кезіндегі сақтық шаралары туралы жадынамалар таратып, қазіргі кезде суға түсуге болмайтыны туралы ескертіп жатыр.

Еске сала кетейік, 15-ші сәуірде Шығыс Қазақстан облысындағы Шүлбі су қоймасынан табиғатты қорғау мақсатында су жіберу басталды. Қазіргі кезде су жіберу кезеңі аяқталды. Алайда, әлі де Ертіс өз арнасына түспеген. Сонымен бірге, өзен ішінде ағын сумен жүзіп келген ағаштар, бұталар, басқа да өткір заттар бар. Сондықтан шомылу маусымы Ертіс арнасын тазарту жұмыстары жүргізіліп, жағажайларда шомылу маусымына дайындық жұмыстары аяқталған соң 10 маусымда ашылатын болады.

 

Фото: Павлодар облыстық ТЖД

 

pavlodarnews.kz

Тэги: