Екібастұз қаласы әкімінің орынбасары Бауыржан Ахметовтің айтуынша, мемлекеттік бағдарлама аясында бұл мақсатқа 2 млрд 226 млн теңге бөлінген.

 -   Жөндеу жұмыстары 2019 жылы басталды, - дейді Бауыржан Ахметов. - Жолдың ұзындығы - 5,6 шақырым. Биыл Қонаев көшесінен Торайғыров көшесіне дейінгі 2 шақырымы жөндеуден өткізіледі. Оның 1,2 шақырымы кеңейтіледі. Ені 9 метр болса, қосымша 14 метрге дейін артады. Сондай-ақ бұрын бір жағынан ғана тротуар болған, енді әр жағынан да болады және веложол салынады. Мердігер компания – «Аза» ЖШС.

Бүгінгі таңда  мұнда 15 техника мен 50 адам жұмыс істеуде. Жөндеу жұмыстарын 2021 жылы аяқтау көзделіп отыр.

Облыс әкімінің  жолға асфальт қашан салынғаны жайлы сауалына қала әкімінің орынбасары 4 жыл бұрын  тек шұңқырлары ғана жамалғаны жайлы жауап берді.  

Әбілқайыр Сқақов Екібастұз тұрғындарын жол құрылысы сапасын бақылауға белсенді қатысуға шақырып, мердігер ұйымға сапаға көңіл бөлуге кеңес берді.

-  Бақылау бойынша жеке зертхана керек, - деді аймақ басшысы мердігерге. - Біз қабылдау кезінде және қыста қолданғаннан кейін жолдың отырып қалмауы үшін сапасын тексереміз. Кез келген олқылық  кепілді қызмет көрсету аясында мердігер тарапынан жөнделеді. Сондықтан қазірден бастап сапаға көңіл бөлген дұрыс. Қосымша депутаттар, журналистер мен қоғам белсенділері жіберіледі. Биыл «Жұмыспен қамтудың жол картасы» қоғамның жіті назарында болады. Техникалық бақылау жеткіліксіз. Тұрғындар азаматтық позициясын танытып, олқылықтарды айтатын болса,  мердігер де ешқайда кетпейді.

 

Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам