Бұл туралы «ҚазАвтоӨнеркәсіп» автокөлік саласындағы кәсіпорындар одағы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«2020 жылдың 4 айында қазақстандықтар 169,3 млрд теңгеге 18 368 жеңіл әрі жеңіл коммерциялық жаңа автокөлік сатып алды. Бұл жеңіл көліктердің орташа құны 9,9 млн теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 11,7 пайызға өсті», - делінген таратылған мәліметте. Атап айтқанда, нарықта Қазақстанда шығарылған көліктердің бағасы төмендеу болып тұр. Елімізде құрастырылған автомобильдердің орташа бағасы 7,6 млн теңге болса, ал импорттық көліктердің орташа құны 12,4 млн теңге шамасында тіркелді. «4 айдың қорытындысы бойынша көлік сатып алушылардың төрттен бірі (25 пайызы) 5 млн теңгеден қымбат емес автомобильді таңдаған.

Бір жыл бұрын бұл сегмент нарықтың 30,2 пайызын қамтыған еді. 5-7 млн теңге тұратын техниканың 21,7 пайызы (3 981 көлік) өткізілді. Сатып алушылардың 17,2 пайызы 7-10 млн теңге сомасындағы (3 160) автокөлікті алды. Ал бизнес (10-15 млн теңге) әрі премиум-санаттағы (15 млн теңгеден жоғары) сегменттерге сәйкесінше 24,9 пайыз (4 572көлік) және 11,2 пайыз (2 060) тиесілі болды. Бағасы жағынан қолжетімді көліктердің арасында Lada Granta көш бастап тұр, яғни оның құны 3,4 млн теңгеден басталады. Құны жағынан төмен ТОР-10 автомобильдік қатарына Lada 4x4 (4,1 млн теңге), Ravon Nexia (4,1 млн), Ravon R4 (4,9 млн), Lada Largus (5 млн), Lada Vesta (5,1 млн), Renault Logan (5,2 млн), UAZ 3741 (5,2 млн), Lada XRAY (5,3 млн), UAZ 3909 (5,4 млн) енді. Бұдан бөлек, ең қымбат деген көліктердің рейтингінен Mercedes-Benz G-класс (110 млн теңге), Genesis G90 (53,2 млн), Porsche Cayenne (51 млн), BMW 8 серия (50 млн), Lexus LX (49 млн), BMW X7 (42,9), BMW X6 (40,9 млн), Porsche Panamera (37,9 млн), Audi Q8 (37,1 млн), BMW X5 (36,5 млн теңге) көрінді.

pavlodarnews.kz

Тэги: