Бүгін, 25 мамыр күні Павлодар қаласы химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінде оқу жылының аяқталуына арналған салтантты «Сыңғырла, соңғы қоңырау» мерекесі алғаш рет онлайн режимінде өтті.

Салтанатты күні мектеп директоры Ринат Жұмабаев оқушыларға ізгі тілегін білдіріп, түлектерге ақ жол тіледі. Оқу жылында білім көкжиегі мен спорттағы негізгі жетістіктерге жеткен оқушыларды дайындаған бірқатар ұстаздарды алғыс хаттармен марапаттады.

- Бүгінгі күннің өзінде бірқатар түлектеріміз шетелдік шоқтығы биік университеттерге грант иегері атанып отыр, - дейді Ринат Жұмабаев. - Атап айтқанда, Оңтүстік Корея, АҚШ, Ұлыбритания, Ресей, Қытай елдерінің білім гранттарына қол жеткізген. Оқу жылы қорытындысы бойынша, ең үздік «шаңырақ» анықталып, барлық сайыстар мен байқауларда оза шауып, алдына жан салмаған «Жау жүрек» шаңырағы болып танылды. Сондай-ақ оқуда үздік деп танылған 101 оқушы ерекше құрметке ие болды.

Ата-аналар да өздерінің білім ордасына деген ақ тілектерін жеткізіп, ұстаздар қауымына зор алғыстарын білдірді.

- Осындай тарихи күні ұстаздарыма зор алғысымды білдіргім келеді. 6 жыл бойы білім нәрімен суысындатып, өмірлік сабақ берген аяулы жандарыма шексіз ризамын. НЗМ түлегі атанғаныма зор мақтанышпен айта аламын. Мектепте өткізген әрбір күніміз біз үшін ыстық, - дейді әлем бойынша 6 беделді университетінің грантына ие болған Даяна Амандосова.

 

Биыл Қазақстан бойынша дербес білім беру ұйымын 2000-нан астам оқушы тәмамдап отыр.

Түлектерді қуанышты сәтпен белгілі әнші Димаш Құдайберген құттықтаған еді.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім