Күннің ысуына байланысты өзенге шомылу үшін келген адамдардың қарасы көп. Сол себепті облыстық төтенше жағдайлар департаменті профилактикалық рейд өткізді.

Жедел құтқару жасағы басшысының орынбасары Серік Шериязданов қазір суға шомылуға мүлде болмайтынын атап өтті.

- Бүгін ауа температурасы 33-35 градусты көрсетіп тұр, - дейді Серік Шериязданов. – Адамдар суға шомылу үшін ағылып жатыр. Алайда, жағажайлар әлі дайын емес. Судың асты тексерілген жоқ. Қоймалардан су жіберген кезде ағыспен темір-терсек, қоқыстар келген болуы мүмкін және шұңқырлар пайда болып жатады. Осының бәрі зерттелген жоқ. Сондықтан адамдар қауіпсіздік ережесін сақтаса дейміз. Бүгін тұрғындарды ескерту үшін рейдке шықтық.

Серік Шерияздановтың айтуынша, Ертіс негізгі арнасына әлі түскен жоқ. Жағажайлар 10 маусымнан бастап ашылады.

- Ертіс негізгі арнасына түсу үшін тағы 1 метр қалды. Осы аптаның соңына дейін негізгі арнасына түсуі тиіс. Арнасына түсіп, су астын тазарту жұмыстары аяқталғанша 10 маусым да болып қалады, - деді Серік Шериязданов.

Рейдтік шара барысында орталық жағажайда жүрген 177 адамға ескерту қағаздары таратылды. 177 адамға кеңес берілді. Оның ішінде 39-ы – балалар. Дәл осындай жұмыс Усолка шағын ауданындағы жағажайда да жүргізілуде.

Айта кетейік, биыл күн жылынғаннан бері 3 адам суға шомылу кезінде көз жұмды. 17 мамыр күні Павлодар қаласы мен Ертіс ауданының Қызылжар ауылында екі ер адам қайтыс болды. Сондай-ақ кеше Ертіс ауданында тағы бір ер адам мас күйінде шомылып, суға кетті. Ертіс ауданында көз жұмған азаматтар тыйым салынған орындарда шомылған. Куәгерлердің айтуынша, облыс орталығында суға батып кеткен азамат та мас болған.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, шомылу маусымы, жағажай, ТЖД