Облыс әкімдігінде өткен төтенше жағдайлар жөніндегі комиссияның отырысында өңір халқын таза ауыз сумен қамту мәселесі егжей-тегжейлі қарастырылды.

Облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті басшысының орынбасары Сәуле Байқазақова атап өткендей, ауылдық жерлердің біраз бөлігінде жұмыс істеп тұрған су желілерінің санитарлық-эпидемиялық қорытынды құжаты жоқ.

Оның үстіне 2019 жылы пайдалануға берілген құбырлар әлі іске қосылмаған. Олар – Екібастұз ауылдық аймағындағы Бозшакөл ауылы мен Май ауданына тиесілі 14 ауылда орналасқан.

Отырыс барысында анық болғандай, Шарбақты ауданында пайдалануға берілген бес су желілеріне санитарлық-эпидемиялық қорытынды жасалмаған. Аудан әкімі Әзілхан Әбеуов қажетті сараптамалар алынып, оның нәтижелерін күтіп отырғанын айтты.

- Адамдар бұл суды асыға күткенін білесіз, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Енді судың тексерістен өткізілмегені анықталды. Қорытындысы жоқ. Егер су мәселесімен айналыспасаңыз не істеп жүрсіз?

Өз кезегінде Май ауданының әкімі Марат Ақтаев бір ай ішінде топтық су желісін іске қосып, кезең-кезеңімен ауылдарға су бере бастайтынына уәде берді.

Өңір басшысы Әбілқайыр Сқақов болашақта мұндай келеңсіздікті болдырмау үшін су желілерін пайдалануға берудің жаңа тәртібін әзірлеуді тапсырды. Оған сәйкес, нысанды қабылдамақ бұрын оның барлық санитарлық-эпидемиялық сынақтан өткендігін дәлелдейтін құжатқа ие болуы тиіс.

Ал жер қойнауын пайдалану, қоршаған орта және су ресурстарының басқармасына әлеуметтік маңызға ие ірі инфрақұрылымдық нысандардың іске қосылу барысын бақылауды күшейту жүктелді.

Айбек Жұматов

Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: ауыз су, су құбырлары, Әбілқайыр Сқақов, санитарлық-эпидемиялық ахуал