Облыстық мәдениет, тілдерді дамыту және архив ісі басқармасы «Қазақ тілін деңгейлі оқыту құзіреттіліктері» тақырыбында онлайн режимі арқылы мемлекеттік тілге оқытатын мамандарға арналған семинар ұйымдастырды. 

Шараға Екібастұз қаласы мен Май ауданынан 50 адам қатысты.

Қатысушылардың бірі Маржан Сқақова №2 Екібастұз қалалық ауруханасының мемлекеттік тілді дамыту маманы.

- Ауруханада қазақ тілін оқытуға арналған жеке кабинетіміз бар. Жағдай жасалған. 300-ге жуық адам жұмыс істесе, оның 93-94 пайызы – қазақтар. Олар екі тілде қызмет көрсете алады. Қалған өзге ұлт өкілдерімен жұмыс атқарылуда. Емделушілермен тілдесу үшін амандасып, ауырған жерін сұрау сияқты қарапайым сөздерден бастап үйретеміз, - дейді Маржан Сқақова.

Семинар барысында жаңа инновациялық технологияларды игере отырып, тіл білімінің тәжірибелі ғалымдары филология ғылымдарының кандидаты, профессор Айман Зейнулина, гуманитарлық ғылымдардың магистрі, аға оқытушы Баянгүл Қожахметова өз тәжірибелерімен бөлісті.

Сондай-ақ семинар соңында оң пікірлер айтылып, қатысушылар тарапынан осындай іс-шараларды жүргізу маңызды және әрі қажетті екендігі айтылды.

- Ғалымдар деңгейлі оқытуда оқу әдістемелік кешеннің қандай болу керектігі, тиіміділігі туралы айтты, - дейді Маржан Сқақова. – Қандай тапсырмалар беру керек екені қозғалды. Жалпы, қазақ тілін деңгейлі оқыту 3 сатыға бөлінеді. Біздің мақсатымыз -үйренушілерді сол төменгі деңгейден жоғары ойлау деңгейіне жеткізу. Семинарды онлайн өткізу өте пайдалы екен. Өз жұмыс орынымызда отырып, асықпай бәрін тыңдап, тапсырмаларды орындап үлгеріп жатырмыз. Мұндай әдіс тиімді екені байқалды. Сондықтан осы режимде жиі өткізілсе дейміз.

Оразбек Саяхат

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, семинар, мемлекеттік тіл, тіл