Облыс әкімінің орынбасары Асхат Оралов ағымдағы эпидемиологиялық жағдай туралы баяндады. 

Бүгінгі таңда өңірде КВИ-дің 189 жағдайы тіркелген. Олардың сегізі сырттан келген - шекаралық пункттерде Ресей Федерациясынан келгендерден анықталды. Қазір 731 адам бақылануда, оның 213-і ауруханаға жатқызылды, 518-і үй карантинінде. Алты науқас ауыр жағдайда, олардың үшеуі өкпені жасанды желдету аппараттарына қосылған.


­
Облыстың бас мемлекеттік санитарлық дәрігері Зәмзәгүл Досжанова барлық жерде бетперде режимінің бұзылғандығын атап өтті.

Оның айтуынша, адамдар көп жиналатын жерлерде, соның ішінде қоғамдық көліктерде және халықтың демалыс орындарында тиісті бақылауды күшейту қажет.

Зәмзәгүл Досжанова хабарлағандай, қазір оның қалалар мен аудандардағы әріптестері түсіндіру брифингтерін өткізіп, рейдтік іс-шараларды қолға алуда.

- Шын мәнінде, алдын алу жұмыстарын күшейту қажет, - деп мәлімдеді облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов. - Халыққа қарапайым, қолжетімді тілмен бетперде режимі мен әлеуметтік қашықтық ережесін сақтау қажеттілігін түсіндіру керек. Қарапайым сақтық шаралары вирустың таралу қаупінің алдын алуға көмектеседі. Ақпараттық-түсіндіру жұмысын жүргізуді тапсырамын: карантинді жеңілдету санитарлық-эпидемиологиялық шараларды елемеу дегенді білдірмейді.


­
Облыс әкімі сақтық шараларын түсіндіру бойынша мобильдік топтар құру үшін студенттерді, еріктілерді, қоғам және БАҚ өкілдерін жұмысқа тартуды тапсырды. Әрине, мұндай топтар санитарлық-эпидемиологиялық ережелерді қатаң сақтай отырып жұмыс істеуі тиіс. Әбілқайыр Сқақов сондай-ақ тасымалдаушылармен және өнеркәсіптік кәсіпорындардың басшыларымен алдын алу шаралары мәселелерін жеке талқылауды тапсырды.
 
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: covidk