Бұл туралы Baq.kz хабарлайды.

Жиын нәтижесінде көкпардан халықаралық лига құру шешімі қабылданды. Қауымдастық сайты іске қосылды. Сондай-ақ, "Этноспорт" спорттық-танымдық журналы шығатын болды. Конференцияға қауымдастыққа мүше сегіз мемлекеттен он жеті өкіл қатысты.

WKA конференциясында қарастырылған басты мәселенің бірі клубтық көкпар лигасын құру болды. Бұл ұсыныс Ауғанстан Бузкаши Федерациясы тарапынан түскен болатын. Конференцияға қатысушы мүшелер бастаманы бір ауыздан қолдады. Көкпардан клубтық лига көп жылдар бойы талқыланып келген мәселе. Конференцияда қабылданған шешімнен кейін клубтық лига құру жолында нақты қадамдар жасауға толық негіз бар. Қауымдастықтың атқарушы комитетіне халықаралық лиганың ережесі мен форматын пысықтауға бір ай уақыт берілді – деді ҚР Ұлттық спорт қауымдастығының президенті Бекболат Тілеухан.

Одан бөлек, конференцияда 2019-2020 жылдардағы атқарылған жұмыс қорытындыланып, 2020-2021 жылдарға күнтізбелік жоспары бекітілді. Сонымен қатар, қауымдастықтың сайты таныстырылып, "Ethnosport" журналы шығатын болып шешілді.

Еске салып өтсек, 2019 жылдың ақпан айында Түркі тілдес халықтардың дәстүрлі ойындары қауымдастығының атауы World Kokpar Association болып өзгерген болатын. Сол жиында көкпар ойынының жаңа халықаралық ережелері бекітілген. Жаңа ережеде көкпардан халықаралық жарыстар жасанды серкемен (муляж) және шеңберге тартылады деп шешілген.

pavlodarnews.kz

Тэги: