Бұл жайында облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасында жариялады.

- Ауылдағы мектептің жобалық сыйымдылығы 350 орынға шақталған, - деп жазады Дінислам Болатханұлы. - Бірақ 500-ден астам бала оқиды. Ауыл тұрғындарының саны 3000-ға жуық. Жаңа оқу жылына тағы 90 бала күтіп отырмыз. Сондықтан мектепті кеңейту қажеттілігі туындап отыр. Осыған орай, он жылдан астам бос, қараусыз қалған үлкен үш қабатты ғимаратқа үлкен күрделі қайта жөндеу жұмыстары жүргізіліп, арнайы бастауыш мектебі бой көтергелі тұр. Құрылысшылардың қарқыны жаман емес. Уақытында тапсырады деген сенімдеміз. Шатырларын қайта көтеріп, терезелерін қойып, ішкі жұмыстарына кірісіп кеткен.

Бастауыш мектеп 250 орындық болмақ. Өзінің спорт залы, мәжіліс залы, 14 оқу кабинеті болады. Сонымен қатар, «Заманауи мектеп» жобасы аясында заманауи жабдықтармен қамтамасыз етілетін болады. 

- Бұл ауылда атқарылып жатқан тағы үлкен жоба - Ертіс аграрлық инновациялық жоғары колледжінің жатақханасы, зертханасы мен асханасы. Мұнда күрделі жөндеу жұмыстары жүргізіледі, - дейді басқарма басшысы. - Ол үшін жалпы 233 миллион 480 мың теңге қаражат бөлінді. Зертхана мен асханаға күрделі жөндеу жұмыстары басталып кетті. Ендігі кезек жатақханада. Бұл колледждің де перспективасы өте жоғары! Қазірдің өзінде колледжде жасалып жатқан зертханалық жобалар болашақ мамандардың сапалы дайындалуына жол ашуда. Ветеринарлық зертханада малдың тісіне дейін ем-дом жасалса, жаңадан салынып жатқан «Агро-Ертіс» зертханасында ауыл шаруашылық техниканы жөндеу машықтары игерілетін болады.

Күрделі жөндеу жұмыстарына тартылған 23 жұмыскердің  10-ы колледж студенттері.  Жұмыскерлер айына бүкіл әлеуметтік төлемдерімен 85 мың теңге айлық алады.

Дінислам Болатханұлы құрылыс барысы қадағалауда екенін және мердігерлермен эскроу шот ашу туралы сөйлескенін жазды. Оған қоса, Павлодар аудандық мәслихат хатшысы, депутаттары мен қоғам белсенділері де бақылауда ұстауда.

Фото: Дінислам Болатханұлы Facebook әлеуметтік желісіндегі парақшасынан

 

pavlodarnews.kz

Тэги: