Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен аппарат кеңесінде облыстық білім беру басқармасының басшысы Дінислам Болатханұлы мәлім етті.

- Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігімен «Қазақстан балалары – қуанышқа толы жаз!» тұжырымдамасы әзірленген, - деп атап өтті Дінислам Болатханұлы. - Осыған сәйкес балаларды сауықтыру лагерьлері мен орталықтарының қызметін жаңарту туралы шешімді санитарлық нормалар мен бекітілген алгоритмдер сақталған жағдайда өңірдегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты жергілікті атқарушы органдар қабылдайды. Денсаулық сақтау органдарымен келісе отырып, 15 маусымнан бастап сауықтыру лагерлерін ашу мүмкіндігін қарастыруды сұраймыз.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, биылғы жылы 1-10- сынып оқушыларының жалпы санының 99,9%-ын құрайтын 105 мыңнан астам оқушыны ұйымдасқан демалыс, сауықтыру және жұмыспен қамту жоспарланып отыр.

Жазғы науқан барысында әртүрлі бағыттағы 750 лагерь жұмыс істеуге дайын (2019 жылы-723).

Сауықтыру лагерлерінің барлық түрлерімен жазғы мектептер ұйымдастырылатын болады. Бұл жекелеген пәндер бойынша білімдегі олқылықтарды тарту мақсатында оқу сабақтарын ұйымдастыруға мүмкіндік береді.

Жалпы білім беру қорының қаражаты есебінен әлеуметтік қорғалмаған отбасылардан, сондай-ақ жетім балалар қатарынан 16 мыңнан (100 %) астам бала мектеп жанындағы және қала сыртындағы лагерьлерде демалумен және сауықтырумен қамтылатын болады. 

Бұл ұсынысқа облыстың бас санитарлық дәрігері Зәмзәгүл Досжанова барлығы эпидемиологиялық жағдайға байланысты екенін айтты.

- Бізде апта ішінде коронавирусты жұқтыру деңгейі 5,3% құрады, - деді Замзәгүл Досжанова. - Демек, қауіп деңгейі əлі жоғары. Ал қала сыртындағы лагерьлерді ашу үшін 2% деңгейінде болуы керек.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов жазғы маусымда балалардың уақытын тиімді әрі пайдалы өткізу үшін түрлі шаралар ұйымдастыру жолын әзірлеуді тапсырды.

- Егер балалардың демалысын дəстүрлі түрде өткізе алмасақ, жағдай күрделене түседі, - деп атап өтті аймақ басшысы. - Ондай жағдайда қосымша іс-шаралар ойластыру керек. Мұндағы басты мəселе балалардың қауіпсіздігі екенін естен шығармаған жөн.

Айбек Жұматов

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам