Облыстық кәсіпкерлік және сауда басқармасының басшысы Жайық Хасанов кеңсе өткен аптада ашылғанын атап өтті.

- Еліміздегі төтенше жағдай кезінде шағын және орта кәсіпкерлік көп зардап шекті. Облысымызда 44 мың шағын және орта кәсіпкерлік субъектісі бар. Онда 134 мың адам жұмыс істейді. Карантин шаралары жеңілдетілгеннен кейін 43 мың субъект жұмысына кірісті. Кинотеатр, компьютерлік клубтар, кальян орындары сияқты нысандар әлі жұмыс істеп жатқан жоқ. Сондықтан кәсіпкерлерге қолдау көрсету үшін кеңсені ашып отырмыз. Мұнда «Атамекен» палатасы оларға бизнес жоспарлар құрып бере алады, қаржы институттары жаңа қолдауларды түсіндіріп береді. Кәсіпкерлер бизнес идеядан бастап, жобаларын қаржыландыруға дейін кеңес ала алады, - деді Жайық Хасанов.

«Бизнеске арналған үкімет» кеңсесінде қаржы институттары: «Аграрлық несие корпорациясы» АҚ, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры», «Атамекен» кәсіпкерлер палатасының өкілдері отырады және екінші деңгейлі банк өкілдері онлайн байланысқа шығып, кеңес бере алады.

- Кеңсені ашудағы мақсат – кәсіпкерлерге көрсетілетін мемлекеттік қолдауларға енген өзгерістерді түсіндіру, - деді Жайық Хасанов. – 2 апта бұрын «Бизнестің жол картасы 2025» бағдарламасына көптеген өзгерістер енді. Сондай-ақ «Қарапайым заттар экономикасы» бойынша несиелеу кезінде салалық шектеулер алынып тасталды. Енді кез келген кәсіпкер несие ала алады. Бұл бағдарламаға өткен жылы 600 миллиард теңге бөлінсе, биыл 400 миллиард қосып, 1 триллион теңгеге жеткізілді. Бұл – үлкен көмек. Бизнес өкілдері осындай өзгерістерден хабарсыз. Сондықтан ашылып отырған кеңседе адамдар онлайн режимде немесе кеңсеге келіп кеңес ала алады.

Сонымен қатар, өңірдегі қалалар мен аудан әкімдіктері жанында жедел топ құрылған. Топ құрамына қаржы институттарының өкілдері, өңірлік кәсіпкерлер палатасының өкілдері және әкім орынбасарлары кіреді.

- Бұл топ өз аумақтарында бизнес жобаларды жинайды, - деді басқарма басшысы. – Оны бізге жібереді. Біз осы кеңседе сол жобалар бойынша банктермен, қаржы институттарымен жұмыс істейміз. Қолдарынан ұстап жетектегендей, қаржыландыруға дейін жеткіземіз. Қазірдің өзінде 200-ден астам жоба жиналды. Олармен жұмыс жүргізілуде.

Оған қоса, кеңсенің ашылуы арқылы бизнес жобаға қысқа уақытта қолдау көрсету көзделген.

- Бұрын бір жобаның бизнес идеясы құрылғаннан, оның қолдау тауып, қаржыландырылуына дейін орта есеппен 120 күн кететін. Банктің өзінде жобалар 3 кезеңдік қараудан өтетін. «Бизнеске арналған үкімет» арқылы енді сол уақытты 35 күнге дейін қысқартпақпыз. Алайда, әр жобаның қаралуы өз көлеміне байланысты, - деді Жайық Хасанов.

Айта кетейік, «Бизнеске арналған үкімет» кеңсесіне өткен аптадан бері 100 адам келіп кеңес алған. Сондай-ақ кәсіпкерлерден 200-ге жуық қоңырау түскен.

Кәсіпкерлер +7 7182 65 44 15 нөміріне қоңырау шалып, +7 705 609 2074 нөмірімен WhatsApp желісі арқылы байланысқа шыға алады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: