Бұл туралы орталық жағажайға жүргізілген рейд барысында Павлодар қаласы төтенше жағдайлар басқармасы бастығының орынбасары Талғат Бертыбаев айтты.

 - Усолкада балалар жағажайы ашылады, - дейді Талғат Бертыбаев. - Ол жерде судың тереңдігі ескеріліп, қоршаулар қойылады. Бұл коммуналдық жағажай болады. «Ломакин» жеке меншік жағажайынан басқа, тағы екеу болады деп жоспарлануда. Соңғы демалыс күндері тәулік бойы кезекшілік ұйымдастырылды. Рейд шаралары кезінде қызметкерлер жағажайда жүріп, жадынамалар таратады, қайықпен патруль жүргізіледі және дауыс зорайтқыш құралымен ескертіледі. Рейд барысында жасалатын ескертулерді тұрғындар әртүрлі қабылдайды. Кейбір азаматтар бірден түсіністік танытатын болса, енді бірі мінез көрсетіп жатады. Көбінесе 20-40 жастағы ересектер мен 12-15 жастағы балалар жүреді.

Рейдке карантиндік шаралар бойынша мониторинг тобы қатысты. Оның құрамында тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаменті, кәсіпкерлік бөлімі, жергілікті полиция қызметі, білім беру, спорт бөлімдерінің мамандары мен еріктілер бар. «Зеленая роща» және шаңғы базасында мобильді топтар қойылған.

Бүгінде қаладағы жағажайлар демалушыларды қабылдауға дайын емес. Себебі, судың түбі зерттелмеген және судың сапасы бойынша қорытынды алынған жоқ. Мұндай рейд күнделікті таңертең және түстен кейін ұйымдастырылады.

Құтқарушылар судың түбін жергілікті атқарушы органдардың өтініші бойынша тексереді. Судың түбі таза, шұңқырлар мен ағаш, шыны сияқты адам өміріне қауіп төндіруі мүмкін заттар болмағанда ғана жағажайды ашуға рұқсат беріледі.

- Мысалы, ауылдық аймақтарда көпір артындағы «Автомобилист» сияқты жағажайлар бар, бірақ олардың түбі тазартылмаған және шұңқырлар бар, - дейді Талғат Бертыбаев. - Жалпы су өздігінен тазарып отырады. Қар еріген кезде ағаштар түседі. Сондықтан ТЖД жағажайды ашпас бұрын жабдықталуы мен демалушыларды қабылдауға дайындығы тексереді. Міндетті түрде құтқару бекеттері, шеңберлер, қайықтар, қоғамдық құтқарушылар болуы тиіс. Жергілікті полиция қызметімен тыйым салынған орында шомылу және қоғамдық орында спирттік ішімдік тұтыну фактілері бойынша жауапкершілікке тарту қарастырылған.

Өткен жылы облыс орталығында үш коммуналдық жағажай болған. Оның екеуі - Ертіс жағалауында, біреуі - Усолка шағын ауданында. Сондай-ақ құтқару станциясына қарсы орналасқан «Ломакин» ЖК.

Еске сала кетейік, павлодарлық төтеншеліктер 10 маусымға дейін суға шомылуға болмайтынын ескертеді. Өңірде жағажайлар әлі тазартылмаған және тиісті белгілер орнатылмаған.

Фото: Ольга Бугаева

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам