Жобамен таныстырған «Архпрект plus» ЖШС инженері Азамат Шәкіров жағалаудың ұзындығы 1800 шақырым болатынын атап өтті.

-    Жағалау құрылысын 2 кезеңге бөліп отырмыз, - деді Азамат Шәкіров. – Біріншісі – Бекхожин көшесі тұсынан бастап, құтқарушылар станциясына дейінгі 700 метр аумақты құрайды. Екіншісі – станциядан «Ertis Olympic» бассейніне дейінгі 1100 метрлік аумақ. Жағалауда 2 балалар ойын алаңы, 3 спорт алаңы орналасады. Жаяу жүргіншілер мен велосипедшілер жолы бөлек болады. Жолдарды салу барысында ешқандай ағаш жойылмайды.



Сондай-ақ жағалауда тамашалау алаңы болады. Онда балықшылар балық аулап, тұрғындар өзенді тамашалай алады. Бұл алаңда алынып-салынуы оңай орындық қойылады. Өзен арнасы толған кезде орындықты алып тастауға мүмкіндік бар.

Сонымен қатар, жағалаудың екі шетінде велотұрақтар орналасады. Демалушылар бір шетіндегі тұрақтан велосипедті жалға алып, екінші шетінде тапсырып кете алады.

Облыс әкімі қала басшылығына жағалау жобасын тұрғындарға таныстырып, пікірлерін білуді тапсырды.



-    Жобаны зейнеткерлер, арбада балаларын серуендететін аналар, мүмкіндігі шектеулі жандар сияқты тұрғындардың түрлі санаттары арасында таныстыруды қалаймын, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Жағалау тұрғындарға ыңғайлы толуы тиіс. Оған қоса, жағалауда көтеріліп, төмен түсетін жолдар жиі болуы керек. Қауіпсіздік шаралары да қаралуы қажет. Веложолақтың бөлек болғаны дұрыс. Өйткені орталық жағалаудағы велосипедшілер қараңғыда адамдарды қағып кете жаздайды.

Аймақ басшысы орталық жағалауға демалуышлар жан-жақтан келетіндігін және жаңа жағалау тұрғындарға жағдай жасаудың тамаша мүмкіндігі екенін айтты.

Қала басшылығының айтуынша, Усолка жағалауының жобасы тамыз айының басына дейін сараптамадан өтеді.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: