Қала ішін аралаған облыс әкімі жұмысын Абай көшесіндегі жөндеу жұмыстарымен танысудан бастады.

-    Жалпы Павлодардағы жаяу жүргіншілер жолына тастар төсеу мен жақтауларды қою жұмысына көңілім толған жоқ, - деді Әбілқайыр Сқақов. – Бұған дейін де бірнеше рет ескерттім. Абай көшесінде де тастар дұрыс, әрі тегіс төселмеген. Жұмысты қабылдау кезінде сызғышпен өлшеп тұрып қабылдау керек. Жол жиегіндегі жақтаулар да сапасыз. Бір қыстан аман шықпайды. Техникалар қар тазалағаннан кейін кетіліп қалады.



Сондай-ақ аймақ басшысы «Ertis Olympic» бассейні ауласында дұрыс өспеген гүлдерді көріп қала әкіміне ескерту жасады.

-    Қалалық әкімдіктен мамандар бекітіліп, гүлдерді біреу бақылауы керек, - деді Әбілқайыр Сқақов. – ТҮКШ жылуға, құдыққа бәріне жауап береді. Ол аздық етеді. Дүйсенбі әр аумаққа бекітілген адамдарды алдағы жоспарларымен күтемін. Гүл – маусымдық қана. Бір рет дұрыс өспесе жұмыстың зая кеткені. Одан кейін кеш болады.

Сондай-ақ облыс әкімі биыл жөнделетін Назарбаев көшесі, 204 үйдің ауласында болды. Аталған үйде тұратын зейнеткерлер өз қолдарымен жасалған көгалдандыру жұмыстарымен таныстырды.



-    Аулада тұрғындар өз қолдарымен гүл егіп, орындықтар мен үстелдер орнатқан. Демек, әкімдік тарапынан жағдай жасалмағандықтан өздері әрекет еткен. Бұл аулада бос орындар бар. Ескі футбол алаңы мен балалардың ойын алаңын жөндеп, жаттығу құралдары бар жаңа алаң салса, барлығы түгенделіп шыға келеді, - деді Әбілқайыр Сқақов.



Сонымен қатар, өңір басшысы «жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында жөндеуден өтіп жатқан Ж.Аймауытов атындағы театрда, «Батыр» дзюдо мектебінде және қоқыс шығарушы «Спецмашин» ЖШС-нің іріктеу станциясы құрылысы мен «Batyr mall» сауда және ойын-сауық орталығында болды.  

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: