Бұл туралы облыстық туризмді және спортты дамыту басқармасының басшысы Марат Айдашев мәлім етті.

-    Бүгін жиын өтіп, ойыншыларға қаңтар айында қойылған талап бойынша қаржы төлей алмайтынымызды жеткіздік, - дейді Марат Айдашев. – ERG демеушілігін тоқтатты. Қарыз күннен күнге жиналуда. Сондықтан чемпионаттағы ойынды тоқтатуға тура келді. Бюджеттен қалған қаржы Екібастұз, Ақсу клубтарына және футбол орталығы мен Ertis жастар командасын сақтап қалуға бағытталады.

Басқарма басшысының айтуынша, биыл «Ertis» клубына бюджеттен 1,8 млрд теңге бөлінген. Ал, ERG компаниясы 1,6 млрд теңге бөлуді жоспарлаған. Осы уақытқа дейін демеуші тарапынан 200 млн теңге түскен.   



-    Осы уақытқа дейін бюджеттен 183 миллион теңге төленді, - деді Марат Айдашев. – Енді жергілікті футболды қолдауға жұмсалады. Жастар командасы чемионатты жалғастыратыны немесе өңірдегі басқа клубтарға қосылатыны алдағы уақытта шешіледі. Қаржылар клубтарды қолдауға бөлініп, асқан сомасы бюджетке қайтарылады.

Марат Айдашев ойыншылар тарапынан түсетін арыздарға дайын екендерін айтты.

-    Енді футболшылар ФИФА-ға, тиісті орындарға арыз түсіре бастайтыны белгілі, - деді басқарма басшысы. – Жағдай онсыз да солай болушы еді. Оны түсініп отырмыз. Легионерлерсіз ойнауды да қарастырып көрдік. Легионерлерге өтемақысыз келісімшартты үзуді ұсындық. Олар қарызды төлегеннен кейін ғана сөйлесетіндерін жеткізді. Жұрт арасында футболшылар өздері жалақы төмендетуге келісіп отырғаны айтылуда. Алайда, іс жүзінде олай емес. Төтенше жағдай кезінде 42500 теңге төлеу туралы келісімшартты еліміздің футболшылары да, легионерлер де қабылдаған жоқ.

Айта кетейік, Премьер-Лигадан шығып қалған клуб келесі маусымда қайта орала алмайды. Премьер-Лигаға оралу үшін алдымен екінші лигадан, кейін бірінші лигадан өтіп келуі қажет.

Оразбек Саяхат

Фото: Ertis ФК

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Ertis ФК, футбол, спорт