Кәсіпорын баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, ERG (Еуразиялық Топ) құрамындағы «Еуроазиаттық энергетикалық корпорация» АҚ Ақсу электр станциясында қуаты 325 МВт №6 энергоблокты күрделі жөндеу аяқталды. Жұмысты бас мердігер ретінде «ERG Service» АҚ атқарып шыққан.

- №6 энергоблокты жөндеу жұмыстары 4 наурыз күні басталған, - деді баспасөз қызметінде. - Содан бері мамандар жоғары, орташа және төмен қысымды цилиндрлерді ашып, турбоагрегатты күрделі жөндеуден өткізіп, турбоагрегаттың орташа қысымды роторын ауыстырды. Бұл жөндеу персоналы үшін күрделі және ауқымды жұмыс. Сонымен қатар, №6 энергоблокты күрделі жөндеу барысында рекордты қысқа мерзімде №4 энергоблоктағы қазандық агрегатының 4 «Б» түтін тартқысына күрделі жөндеу жүргізілген. Егер бұрын бұл жұмыстар кем дегенде 7-10 тәулік ішінде атқарылып келсе, қазір екі кәсіпорынның біріккен күш-жігерінің арқасында жөндеу екі есе жылдам аяқталды. Бұдан басқа, энергетиктер мен жөндеушілер 4 «Б» қазандық агрегаты корпусын жылыту және қаптау беттерінің жұмысқа қабілеттілігін қалпына келтіру бағытындағы кешенді іс-шараларды орындады.

Айта кетейік, энергоблоктарды күрделі жөндеу 6 жылда бір рет, орташа жөндеу 3 жылда бір рет жүргізіледі. №6 энергоблок 2013 жылы қайта жаңартылған. Дәл сол кезде қазандық қондырғысы, турбоагрегат, генератор және блок трансформаторы ауыстырылды. Энергоблок жұмысының маневрлігі мен сенімділігін арттыруға мүмкіндік беретін басқарудың автоматтандырылған жүйесі енгізілген. Жаңа электр сүзгілері орнатылды. Олардың тазарту тиімділігі - 99,7%.

- «ЕЭК» АҚ электр станциясының қажетті қуат резервін, жабдықтың сенімділігі мен ұзақ мерзімділігін қолдау, өндірістік сипаттамаларды және экологиялық параметрлерді жақсарту қамында жүйелі жұмыс атқарылып жатыр. Жақында компания 1973 жылдан бері пайдаланылып келген Ақсу электр станциясының № 5 энергоблогын қайта құру бағытындағы ауқымды жобаны жүзеге асырды. Бұл энергия блогының қуатын 300-ден 325 МВт-қа дейін арттыруға, отын шығынын азайтуға, пайдалану шығындарын қысқартуға, сондай-ақ электр станциясы жұмысының техникалық-экономикалық, экологиялық және сапалық көрсеткіштерін жақсартуға мүмкіндік берді, - деді баспасөз қызметінде.

Биыл №2 энергоблокты типтік орташа жөндеу және №1 энергоблоктың қазандық агрегаты «Б» корпусының жоталы арқалығын ауыстыра отырып күрделі жөндеу жүргізу жоспарлануда.

pavlodarnews.kz

Тэги: