Облыстық ТЖД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жұмыс сапары барысында департамент басшысы аудан әкімі Қаршыға Арыновпен кездесіп, №15 өрт сөндіру бекетіне барған.  

-    Аудан әкімімен кездесу барысында тараптар Ақтоғай ауданы аумағындағы төтенше жағдайлардың алдын алу және оларды жою бойынша проблемалық мәселелерді талқылады, - деді баспасөз қызметінде. – Ернұр Өтегенов №15 өрт сөндіру бекетін бұрынғы ветеринарлық зертхананың әкімшілік ғимаратына ауыстыру мәселесін қозғады. Қаршыға Арынов әкімшілік ғимарат пен көлікжай ғимаратын жөндеуге облыстық бюджеттен 3,096 миллион теңге бөлінгенін айтып, жөндеу жұмыстарын өз бақылауына алуға уәде берді.

Сонымен қатар, департамент басшысы мен аудан әкімі Ақтоғай ауылындағы коммуналдық жағажайға барды. Қаршыға Арынов Ертіс өзенінің арнасына түсуі ауданда облыс орталығына қарағанда кейіндеу жүретінін атап өтіп, сәйкесінше шомылу маусымы да ашылатынын айтты. Павлодарда шомылу маусымын 10 маусымда ашу жоспарланып отыр.  Жағажайды шомылушылар үшін ашпас бұрын өзен түбін тазалау және жағажайды ақпараттық қалқандармен жабдықтау және су айдынында арнайы қалтқылар орнату жұмыстары жүргізіледі.



Аудан әкімдігі биыл жағажайды абаттандыруға жарты миллион теңге бөлді. Суға шомылу маусымы кезеңінде аудан әкімдігінен 9 қоғамдық құтқарушы бөлінеді. Қоғамдық құтқарушыларды оқытуды ТЖД-нің «Өрт сөндіру және авариялық-құтқару жұмыстары қызметінің» жедел-құтқару жасағының қызметкерлері жүргізеді.

-    Жыл басынан бері Ақтоғай ауданы ТЖ бөлімінің қызметкерлері жергілікті полиция қызметімен бірлесіп тыйым салынған жерлерде шомылудың алдын алу бойынша 11 рейдтік іс-шара өткізді. Су айдынының қауіпті және шомылу үшін жабдықталмаған учаскелерінде жиырма бес тыйым салатын және ескерту белгілері орнатылған. Өткен жылы Ақтоғай ауданында тыйым салынған жерде шомылған 1 адам суға батып кеткен еді, - деді баспасөз қызметінде.

Оған қоса, Ернұр Өтегенов облыстың өрт сөндіру қызметінің басшысы Сүлеймен Бимағамбетовпен бірге аудан орталығындағы №15 өрт сөндіру бекетіне барды. Олар өрт сөндіру техникасының жай-күйін қарап, негізгі және қосалқы өрт техникасының дайындығын тексерді. Жыл басынан Ақтоғай ауданында 6 өрт оқиғасы тіркелді. Өрт келтірген материалдық шығын 618 мың теңгені құрады. Өрттердің шығуының негізгі себебі - тұрғындардың отпен абайсыз болуы. Өрт және басқа да төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында ауданның ТЖ бөлімінің офицерлері тұрғын секторды аралап, халыққа түсіндіру жұмыстарын жүргізеді.

Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Ернұр Өтегенов өрт қауіптілігі жоғары кезең, суға шомылу маусымы және өрт сөндіру бекетін қайта құру бойынша бірқатар нақты тапсырмалар берді.

Фото: ТЖД баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: