Бұл туралы онлайн баспасөз конференциясында облыс орталығының әкімі Қайрат Нүкенов айтты. 

- Саябақтар мен скверлерді цифрландыру бойынша жобалық есеп жасалды, - дейді Қайрат Нүкенов. - Бүгінгі таңда сервистік қызмет көрсету айына 850 мың теңгеге шығады. Бұл - 12 айдың ішінде 12 млн теңгеге жуық сома. Оған қоса, бағдарлама әзірлеп, аншлагтарды орнату керек. Сонда бұл - шамамен 15 млн теңге қаражат. Саябақтарда  250 шақты кіреберіс бар. Сол жерлерде QR кодтар мен аншлагтар орнатылса, тұрғындар телефон арқылы барлық ақпаратты білетін болады.

Қала әкімі цифрландырудың маңыздылығына қатысты тұрғындардың арасында сауалнама жүргізілетінін айтып өтті.

- Бұл жұмыстың барлығы 25 млн теңгеге шығады, - дейді Қайрат Нүкенов. - Ағаштардың отырғызылған уақыты мен түрлері, жөндеу жұмыстары қашан жүргізілгені, қанша орындық орналасқан, инфрақұрылым, суару жүйесі туралы барлық ақпарат көрсетіледі. Бұдан бөлек, қандай ағаштар қашан ауыстырылатыны туралы білетін болады. Сондықтан бұл мәселені қарастыру керек. Мүмкін бұл сома саябақтарды жасылдандыру мен суаруға жетіп қалады. Бәлкім, бір саябаққа суару жүйесін орнату қажет. Дегенмен цифрландыру заманына сай жүру керекпіз.

Айта кетерлігі, жазғы маусымның басында 19 саябақта жазғы су құбыры жүйесін қалпына келтіру жұмыстары жүргізілген. Қалған 26 учаскеде суару тасымалданатын сумен жүзеге асырылады.

 

Фото: Павлодар қаласы әкімінің баспасөз қызметі

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам