- Соңғы кезде ТҮКШ жұмысына қатысты көп сын айтылуда, - деді Қайрат Нүкенов. – Мұндай сын бұрын да болған. Әлі де тоқтамайды. Бәрі ТҮКШ жұмысының дәл қазір шешілгенін қалайды. Тұрғындар да мәселелер дәл қазір шешілсе, дейді. Алайда, мен бір күнде асфальт төсейтін, бір күнде гүл өсіретін, бір күнде түрлі мәселелерді жоятын технология көрген жоқпын. Барлығына уақыт керек.

Қайрат Нүкеновтің сөзінше, қазіргі уақытта қала әкімінің ТҮКШ саласына жауап беретін орынбасары мен қалалық  ТҮКШ бөлімі басшысының орны бос тұр.

- ТҮКШ саласына жауапты адамдар тәулігіне 24 сағат жұмыс істейді, - деді қала әкімі. - Шыбын-шіркейді улау кезінде сол орынға барады. Мен таңертең қаланы аралап шығамын. Онда да қызметкерлер менімен барады. Оған қоса, тұрғындар мен біздің тараптан сын айтылып жатады. Қызметкерлер расымен шаршайды. Сенбі күні бәріміз қаланы араладық. Мен түнгі сағат 22:00-ге дейін жұмыста болдым. Ал, ТҮКШ қызметкерлері мердігерлер жұмысына мониторинг істеу үшін әрі қарай жұмыста қалды. Кеше, яғни жексенбі күні де кешке дейін қаланы аралап, жұмыс істедік. Олар да қарапайым адамдар. Олар да аптасына 1 күн демалғысы келеді. Сондықтан бәрі нашар деп айтуға болмайды. Мен олардың барлық жұмысын көріп отырмын.

Қала басшысы заң бойынша сын айтылды екен деп қызметкерлерді жұмыстан шығара алмайтынын атап өтті.

- Мысалы, менің аулаларды жарықтандыру бойынша мердігердің, Торайғыров көшесіндегі субұрқаққа жөндеу жүргізген мердігердің жұмысына көңілім толмайды. Субұрқаққа қатысты мердігерді бүгін шақырдым. Ол барлық жұмысты атқарғанын, қаласақ оны сотқа беруімізді айтты. Ол өзінің дұрыстығын дәлелдемек. Ал, субұрқақ істемей тұр. Енді оны сотқа беріп, істің басын ашқанға дейін жылдың соңы болады. Ал, субұрқақ сол бойы істемей тұрады. Тұрғындар бірден ТҮКШ қызметкерлерін кінәлайды. Бізде осылай жұмыстар жалғаса береді. Тоқтап тұрған жоқ. Жалпы, мен ТҮКШ бөлімі мемлекеттік қызметкерлерінің жұмысын қанағаттанарлық деңгейде деп санаймын. Олар жақсы жұмыс жасауда.

Оразбек Саяхат
Фото: ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: