Облыстық полиция департаментінің  бірінші  орынбасары Жасқайрат Қайыров жеткізген ақпаратқа сәйкес, ол үшін Космонавтов, 2 мекенжайындағы мамандандырылған халыққа қызмет көрсету орталығына келу керек. Автокөлік иесі жеке куәлік, машинаны тіркеу жөніндегі куәлік пен армениялық мемлекеттік нөмірлерді ала келуі тиіс.

- 12 мың теңге шамасындағы мемлекет баж төленгеннен кейін автокөлік иесіне «Басқа тұлға атына тіркеуге болмайды» деген белгісі бар техпаспорт және «А» әріптік пен 14 өңірінің белгісі бар мемнөмір беріледі, - дейді Жасқайрат Қайыров. – Арменияда берілген нөмірлер мен техпаспорт автокөлік иесі машинаны шетелге шығарамын дегенше ХҚКО-да сақталады.

Мұндай көлікті сату үшін сары нөмірлер мен қазақстандық техпаспортты тапсырып, барлық баждар мен салықтарды төлеу керек. Одан бөлек, сақтандыру полисінің негізінде Қазақстанда сары нөмірлі машинаны кез келген адам айдай алады.

Полицей атап өткендей, сары нөмірлі машиналарға қойылатын талаптар қазақстандық көліктер сияқты.

- Яғни, мұндай машиналар ел ішінде еркін жүріп, шетелге шыға алады, - деді Жасқайрат Қайыров. – Бұл көліктер басқа елде тіркелгені себепті оларға сары нөмір беріледі. Алайда «армяндарға» жыл сайын басқа елге шығып отырудың қажеті жоқ.

Ресейлік, белорус және қырғыз нөмірлі машиналар болса, Қазақстан аумағында бір жылдан астам жүре алмайды. Ол үшін оларды жыл сайын 30 күнге шетелге шығарып отыру қажет.

«Армяндарды» тіркеу басталған алғашқы күні мамандандырылған ХҚКО-ға Павлодар тұрғыны Сұлтанмұрат Шалғымбаев келді.

- Үкіметке машинаны тіркеп, емін-еркін айдауға мүмкіндік бергені үшін рахмет, - дейді Сұлтанмұрат Шалғымбаев. – Қызмет көрсету орталығына өз еркіммен келдім. Бір жыл бұрын Армениядан машина алғанмын. Енді бұл машинамен соңына дейін жүремін.

Ереванда «Мерседес» сатып алған Теміржан Резуанов Павлодарға дейін өздігімен 4420 шақырым жүріп өткен. Қала тұрғыны машинаны сату үшін алмағанын айтып, салықты Отанының қазынасына төлеуге қуанышты екендігін айтты.

- Патриот ретінде салықты Қазақстанға төлегенім жөн, - дейді ол. – Машинаны өзім үшін алдым. Енді қорықпай ел жолдарымен жүре алатын болдым.

Айта кетейік, Павлодар облысының жолдарында Армениядан әкелінген 182 машина жүр.

Айбек Жұматов

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: мамандандырылған ХҚКО, жүргізуші куәлігі, полиция, Армения, тіркеу