Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз жиынында Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов мәлім етті.

- «Достық» шағын ауданындағы құрылыстарды жүргізу үшін саяжайларды алып жатырмыз, - деді Қайрат Нүкенов. – Бұл жұмыс 3 кезеңде жүргізіледі. Қазір 2-кезеңге өтудеміз. Мұнда 250 саяжайды алмақпыз. 3-кезеңде 350-ге жуық саяжай алынады. Бүгінде 75 саяжай бағалаудан өтті. 25 саяжайға 67 миллион теңге керек болса, 50 саяжайдың құны 100 миллион теңгеге жуықтайды. Яғни, 75 саяжайға 170 миллион теңгеге жуық қаражат керек. Ал, қалған 124 саяжай бойынша жұмыс жалғасуда. Бағасы шамамен 500 миллион теңге болады.

Қала әкімі сол саяжайлардың орнында 105 мың шаршы метр тұрғын үй салынатынын айтты.

- Біз 500 миллион теңгені 100 мың шаршы метрге бөлсек, 1 шаршы метріне 5 мың теңгеге салмақ түседі. 1 шаршы метрдің бағасы 160-170 мың теңге аралығында болғанда 5 мың теңге баға болмай қалады. Алайда, біз онда 10 мың халықты орналастырамыз. Соның бәрін есептесек, қаржыға салмақ түспейді.

Айта кетейік, бір саяжайдың орташа бағасы 2 млн теңгеге жуықтайды.

Оразбек Саяхат
Фото: Ольга Бугаева

pavlodarnews.kz

Тэги: