Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров айтты.

- Жемқорлық фактілерінің алдын алу мақсатында учаскелік инспекторлар мен ювеналдық полиция, патрульдік полиция қызметі 100 пайыз бейнежетондармен қамтамасыз етілген, - дейді Жасқайрат Қайыров. - Бүгінгі таңда хаттамалардың 85 пайызы  планшет арқылы толтырылады. Біріншіден, бұл сол жерде және жылдам толтыруға мүмкіндік береді. Азаматтарды полиция қызметіне жеткізудің қажеті болмайды. Бұған қоса,  айыппұлды 7 күннің ішінде 50 пайыз жеңілдікпен кез келген банкте  төлей алады. Бұрын айыппұлды төлегеннен кейін әкімшілік полицияға барып, түбіртектің көшірмесін көрсету керек болатын.

Спикердің айтуынша, жедел әрекет ету және халықпен қарым-қатынас орнату, азаматтар тұратын жерлерде қылмыстың алдын алу мақсатында 2018 жылдан бері WhatsApp мессенджерінде арнайы топ ашылған. Оның құрамында ПИК төрағалары, учаскелік инспекторлар мен ЖПҚ бастықтары бар.

Полиция құрылымдары Павлодар қаласы полиция басқармасы жедел әрекет ету орталығының 117 бейнекамерасы мен мемлекеттік мекемелер және басқа да ұйымдар орнатқан 5569 бейнекамераның 130-ын қолданады.

 

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам