Серіктестіктің директоры Марат Мұстафиновтың айтуынша, жөндеу жұмыстарына 27 миллион теңге бөлінген.

- Күрделі жөндеу жұмыстарына ғимараттың қасбетін күрделі жөндеу, терезе блоктарын және кіру есіктерін ауыстыру және орнату кіреді, - дейді Марат Мұстафинов. - Бүгінгі күні терезе блоктары толығымен орнатылған. Ғимараттың қасбетінің көлемі 1085 шаршы метрді құрайды. Осы көлем бойынша толығымен сырлау және тегістеу жұмыстары аяқталды. Қасбет бойынша бояу жұмыстары ғана қалды. Оған қоса, жұмыспен қамту орталығы арқылы 10 адам жұмыспен қамтылды. 13 адам фирманың тұрақты қызметкерлері.

№86 сәбилер бақшасының басшысы Бақыт Исабекованың айтуынша, техникалық, авторлық қадағалау жұмыс сапасын бақылауға көмектеседі. Жөндеу жұмыстарын 24 шілдеде аяқтау көзделіп отыр.

- Бұл балабақша 1975 жылдан бері жұмыс істейді, - дейді Бақыт Исабекова. – Мекеме сауықтыру түріндегі балабақшалар типіне жатады. Мұнда бассейн, сауна және физиокабинет бар. Осы жылдар ішінде күрделі жөндеуді айтпағанның өзінде ағымдағы жөндеу де жүргізілмеген. Жобалық-сметалық құжаттама 2017 жылы жасалған. Сондықтан ата-аналар мен балалар, біз де осы жөндеуді көп күттік. 8 топқа 240 бала қатысады.

Айта кетейік, облыс бойынша күрделі жөндеумен айналысатын «Турбо-Сервис ПВ» ЖШС нарықта 13 жыл жұмыс істейді. Қазіргі таңда аталмыш фирма облыс бойынша 15-ке жуық нысанды жөндеумен айналысады. Оның ішінде тоғызы «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы бойынша ретке келтіріледі. Облыс орталығында мемлекеттік бағдарлама шеңберінде үш нысан қамтылады. Бұл - №1 мектеп, №30 және № 86 балабақшалар.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: