Павлодар облыстық жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы басшысының орынбасары Диана Мұқанова облыс аралық бағыттар 5 маусымнан бастап ашылатынын айтты.

- 1 маусымнан бастап облыс ішінде қатынайтын барлық автобустар жүре бастады. Ал, облыстар аралығындағы автобустарды 5 маусымнан бастап жолға шығару жоспарланған. Автобус және пойыз билеттерінің бағасы өскен жоқ. Жүру кестесі де өзгерген жоқ. Бәрі бұрынғыдай. Бізде 59 облыс ішілік және 9 облыс аралық автобус жүреді, - деді Диана Мұқанова.

«Жолаушылар тасымалы» АҚ солтүстік филиалының Павлодар учаскесінің басшысы Бауыржан Аяпбергенов 2 күннің ішінде кассаларда 1200-ге жуық пойыз билеті сатылғанын атап өтті.

- Кешеден бері билет кассалары ашылды, - деді Бауыржан Аяпбергенов. – Штаттық режимде 2 күндізгі, 1 тәулік бойғы касса жұмыс жасайды. Билеттерді онлайн және кассадан алуға болады. Шамамен барлық билеттердің 70 пайызы онлайн режимде сатып алынуда. Темір жол бойынша барлық бағыттар ашылды. Пойыздар кезең-кезеңімен жолға шығады. 1 маусым күні бірінші пойыз Павлодар-Нұр-Сұлтан бағытында шықты. Пойыздарға билеттер 15 мамырдан бастап онлайн режиде сатылуда.

Бауыржан Аяпбергеновтың айтуынша, пойыз вагондарына күніне 3 рет дезинфекция жасалады.

- Пойыз жолға шығар алдында әр жолсерік тексеріледі, - деді Бауыржан Аяпбергенов. – Ал, жолаушылар вокзалға кірер алдында тексеріледі. Барлық вагондарда антисептиктер бар. Орындар бойынша шектеу жоқ. Барлық орындарға билет сатылады. Әр жолсерік жолаушыдан коронавирусқа байланысты күдік туындаған жағдайда әрекет етудің алгоритмімен таныстырылған. Ондай жағдай орын алса, сол адамды оқшаулайды. Қасындағыларды басқа орындарға орналастырады. Жағдайды пойыз басшысына айтып, олар медициналық көмекке хабарлайды.

«Павлодар вокзал сервис» ЖШС директоры Дастан Махметов темір жол вокзалына адамдарды себепсіз кіргізе бермейтінін айтты.

- Әр қызметкеріміз жұмысқа кірісер алдында медициналық тексеруден өтеді, - Дастан Махметов. – Барлық ұжым штаттық режимде жұмыс жасауда. Ешқандай өзгеріс жоқ. Тек вокзалға адамдарды себепсіз кіргізбейміз. Барлық санитарлық талап сақталып, билеті барларды немесе билет алуға келгендер ғана кіреді. Сондай-ақ дәретханаға бару сияқты қажеттілік туындаған жағдайда ғана кіруге болады.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: