Конференция ұйымдастырушыларының бірі, профессор Жәмила Керімбайқызының айтуынша, жыл сайын дәстүрлі түрде жас ғалымдар арасында ұйымдастырылатын шара биыл алғаш рет онлайн форматта өтті. Бейнеконференция қазақ тіл білімінің көрнекті өкілі, қазақ әдеби тілінің тарихын, қазіргі қазақ тілінің салаларын, қазақ-орыс тілдерін салғастырмалы зерттеуге, ғалым, филология ғылымдарының докторы, профессор Сейілбек Мұхамеджарұлы Исаевтың құрметіне арналған.

Шараға қатысуға Алматы, Астана, Ақтөбе, Павлодар, Қарағанды, Қызылорда, Орал, Талдықорған өңірлерінен және Түркия, Өзбекстан, Ауғанстан, Татарстан елдерінен 70-ке жуық мақала келіп түскен. Оған 40-тан астам жас ғалым онлайн режимде қатысып, өз зерттеулерін ортаға салды.

Халықаралық деңгейдегі конференцияда өз ғылыми жобасын қорғаған Ы.Алтынсарин атындағы дарынды балаларға арналған облыстық қазақ гимназия интернатының 9-сынып оқушысы Рамазан Дәуренбекұлы жүлделі 3-орынға ие болды. Ол ұстазы Бағдәулет Асанұлының ғылыми жетекшілігімен бірнеше жылдан бері әлем тілдерінің негізі бір тіл екенін, әлем бір тілде сөйлейтінін зерттеуде.

Айта кетерлігі, Рамазан бұл конференцияда баяндама жасаған ең жас ғалым ретінде де көпшіліктің есінде қалған.

- Ағылшын тілінде hot қазақ тілінде от деген сөз бар, одан бөлек орыс тілінде дверь, ағылшынша door деген сөздер бар. Мұның бәрі фонетикалық жағынан ғана емес, әрі семантикалық мағына жағынан да бір-бірімен ұқсас. Бұл жай ғана сәйкестік дей алмаймыз. Қазірдің өзінде бізде 100-ге жуық бір-бірімен дыбыстық жағынан да, мағына жағынан да сәйкес келетін түрлі тілдердегі сөздерді жинақтадық. Бірнеше жылдан бері арнайы зерттеу жүргізудеміз , - дейді жас ғалым.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, қоғам, білім