Бұл туралы өңірлік коммуникациялар қызметінде өткен баспасөз конференциясында облыстық полиция департаменті бастығының бірінші орынбасары Жасқайрат Қайыров айтты.

- 2020 жылдың бес айы ішінде өңірде қылмыс саны 26,5 пайызға, оның ішінде қарақшылық 27,3 пайызға, тонау 31,1 пайызға, ұрлық 48,6 пайызға азайған. Пәтерлерді тонау 50,3 пайызға, ұялы телефондар ұрлығы 55,6 пайызға, мал ұрлығы 31,1%-ға және түрлі бұзақылық 39%-ға кеміді. Сонымен қатар, қоғамдық орындарда жасалатын қылмыс 39,9%-ға төмендеген. Оның ішінде көшеде жасалатын қылмыс деңгейі 52,8%-ға қысқарды, - дейді Жасқайрат Қайыров.

Спикердің айтуынша, құқықбұзушылыққа бейім тұлғалармен алдын алу шаралары, яғни, оларды тұрғылықты жері бойынша тексеру жүргізіледі.

Тұрмыстық зорлық-зомбылық құрбандарының қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында ішкі істер органдарының мамандары отбасының шырқын бұзатын азаматтарға қатысты 2700-ден астам қорғау құжатын толтырған.

Нәтижесінде 313 адам әкімшілік жауапкершілікке тартылып, 200-ден астамы бес тәулікке дейін тұтқындалған. Ішкі істер органдарының өтініші бойынша соттармен 299 адамға қатысты ерекше талаптар қойылды. Оның ішінде 90 адамға алкогольдік ішімдіктер тұтынуға тыйым салынды.

- Тұрмыстық зорлық-зомбылықтың алдын алу мақсатында полиция қызметкерлерімен мониторинг жүргізілді, - дейді Жасқайрат Қайыров. - 750 отбасынан жанжал туралы жиі қоңырау түсетін. Олар құқық бұзуға жақын топқа жатады. Күн сайын алкоголь өнімдерін сатуды анықтауға қатысты мониторинг жүргізіледі. Жыл басынан бері 142 жеке кәсіпкер әкімшілік жауапкершілікке тартылды. Оның ішінде үш адам алкоголь сусындарын сату үшін лицензиясынан айырылды. Қоғамдық орындарда спирттік ішімдік ішкені үшін 3600 құқық бұзушы жауапкершілікке тартылған. Алкоголь мен есірткіден айықтыру үшін мәжбүрлі түрде 126 адам наркологиялық диспансерге жіберілді.

 

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам