Бұл туралы ғылыми топтың жетекшісі, өнеркәсіптік биосинтез ҒЗИ бас директорының орынбасары Аманжол Уляев мәлім етті.

- Біз мектеп түлектері үшін осындай маңызды күні қансорғыштардың шараның шырқын бұзбауы үшін барынша тырысамыз, - дейді Аманжол Уляев. - Қала ішіндегі барлық мектепті қамтуға тырысамыз. Мұнда Мойылды және Кенжекөл ауылдарының мектептері кіреді. Дезинсекция жұмыстарын «Базарбай» ЖШС жүргізеді.

Мердігер компания мектептердің аумағын өңдеу үшін үш топқа бөлінген. Бүгінде 32 адам жұмыс істейді. Негізгі жұмыспен айналысатын тағы төртінші топ бар. Егер үлгермей жатса, олар таңғы сағат 3-те көмекке келеді.

Мектеп аумағы жаңа аспалы бүріккіш арқылы «Аверфос» инсектицидімен өңделеді. Препараттың әсер етуші заттары 48 пайыздық хлорофос және 10 пайыздық циперметриннен тұрады. Ғылыми топтың жетекшісі ерітіндіні кенелерді жою үшін де қолданатынын айтады. Яғни, препарат шыбын-шіркейлермен бірге кенелерге де әсер етеді.

Ерітіндіні санитарлық ережелер мен нормалар бойынша 1 гектарға 1 литр 750 мл есебімен ерітеді. Аспалы бүріккішке 40 мл құйылады. Осы уақыт ішінде ол 3-4 сотық жерді өңдей алады.

- Мен ертең масалар мен шыбын-шіркейлер түлектерді 100 пайыз мазаламайды деп айта алмаймын, - дейді ғылыми топтың жетекшісі. - Бірақ біз мектептердегі жағдайды бақылауда ұстауға тырысамыз. Препарат дозасы есептелген және адамдар үшін қауіпсіз.  

Естеріңізге сала кетейік, Павлодар қаласы мектептерінің түлектері үшін мектеп бітіру кеші 3 маусымға жоспарланған. Түлектер мектеп кешіне мектеп формасымен барады. Қала бойынша 11-сыныпты 1150 түлек аяқтады.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: Ольга Бугаева 

pavlodarnews.kz

Тэги: дезинсекция, Павлодар, мектеп, маса, шыбын-шіркей, түлек2020