Бұл туралы агенттікке облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің өкілі Альбина Федосеева мәлім етті.

- Туристерге ешқандай қосымша талап қойылмайды, - дейді Альбина Федосеева. – Егер бұл санаторлық демалыс болмаса, ешқандай анықтама алудың қажеті жоқ. Облыстың бас санитарлық дәрігерінің шығарған қаулысында бұл жайт реттелмейді. Баянауыл ауданының санитарлық дәрігері де туристерге ешбір қосымша талап қойған жоқ. COVID-19 вирусына қатысты анықтамалар бойынша жағдай осылай.

Курорттық аймақта демаламын деушілер жан басына тәулігіне 577,8 теңге төлеуі тиіс.

Дегенмен, облыстық тауарлар мен көрсетілетін қызметтердің сапасы мен қауіпсіздігін бақылау департаментінің басшысы Зәмзәгүл Досжанова арнайы баспасөз мәслихатында сөз еткендей, эпидемиялық жағдайға байланысты өңіріміздегі туристік маусым әлі ашылған жоқ. Ол үшін бір апта ішінде коронавирусты жұқтырған адамдар саны бес пайыздан төмен болуы тиіс.

Коронавирустық инфекцияның таралуына байланысты карантиндік шараларға қарамастан, биыл Баянауыл ұлттық табиғи паркіне туристер көбірек келеді деп күтілуде. Айталық, 2019 жылы ұлттық парк аумағында 160 мың адам демалса, 2020 жылы 250 мың қонақ келеді деп жоспарлануда.

Айта кетейік, қазіргі кезде облыс әкімі Әбілқайыр Сқақовтың бастамасымен курорттық аймақтың мастер-планы әзірленуде. Оның мақсаты - туристердің демалысына барынша қолайлы жағдай жасау.

Айбек Жұматов

Фото: ашық көздерден

 

pavlodarnews.kz

Тэги: Covid-2019