Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз хатшысы Диана Ерғалым ТЖ кезінде партия үш бағытта жұмыс істегенін айтады.

- Бірінші бағыт бойынша тұрғындарға азық-түлік жиынтығы таратылса, екінші бағытта екі қаланың тұрғындарына 50 мың теңгелік көмек ұсынылды. Үшіншісі – Мақтааралға көмек жөнелту. «Біз біргеміз! «Nur Otan» республикалық акциясы аясында 18 наурыздан бастап бүгінге дейін 10729 адам жалпы сомасы 152 миллион теңгеге азық-түлік жиынтығын алды. Сондай-ақ әр қорапқа кемінде үш бетперде мен антисептик салынды. Қайырымдылық көмекті жалғызбасты қарттар, аз қамтылған көп балалы отбасылар, ерекше қажеттілігі бар адамдар, мүгедек балаларды тәрбиелеп отырған отбасылар, аз зейнетақы алушылар және өзге де мұқтаж адамдар алды, - деді Диана Ерғалым.

Барлық азық-түлік жиынтығы кәсіпкерлер, депутаттар және партияның жақтастарынан құралған демеушілердің есебінен алынған.

Диана Ерғалымның айтуынша, партия 50 мың теңгелік көмекті еліміз бойынша үлкен қалалардың тұрғындарына беру туралы шешім шығарған. Республика бойынша аталған көмекті 23 қаланың тұрғыны алған.

- Ол қалалардың қатарына біздің облысымыздан Павлодар мен Екібастұз қаласы енді, - деді Диана Ерғалым. – Осы мақсатта 30 наурызда «Birgemiz Pavlodar» өңірлік қоғамдық қоры ашылды. 2 кезеңмен 21 899 адам жалпы сомасы 1,09 миллиард теңгеге ақшалай көмек алды. Атап айтсақ, Павлодар қаласында – 15433, Екібастұз қаласында – 6466 адам. Ақшалай көмек алушылардың тізімін жергілікті атқарушы органдар ұсынып, әлеуметтік аз қамтамасыз етілген аз табысы бар 7 санаттағы азаматтар алды.

Оған қоса, ТЖ кезінде өңірімізде 3000 медицина қызметкерінің отбасы азық-түлік жиынтығымен қамтамасыз етілді.

Сонымен қатар, партияның облыстық филиалының ұйымдастыруымен Мақтааралға 40 мың тонна гуманитарлық көмек жөнелтілді.

Айта кетейік, ТЖ кезінде өңірдегі көмек көрсету жұмыстарына «Jas Otan» жастар қанатынан 70 ерікті жұмылдырылды.

Оразбек Саяхат
Фото: Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалы

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Nur Otan, партия, ТЖ, көмек