Елдігіміздің нышаны, егемендігіміздің дәлелі болатын Мемлекеттік рәміздерді жасау үлкен жауапкершілік жүктейтіні анық. Бүгінде еліміз бойынша мемлекеттік рәміздерді өндіретін 30-ға жуық кәсіпорын лицензияға ие болса, соның 3-еуі біздің өңірде. Солардың бірі - «Rainbow» ЖШС. Нарықта 10 жылдан астам уақыт қызмет етіп келеді Серіктестіктің негізін қалаушы - Бекболат Ыбыраев.

- 2010 жылы осы шаруаны бастау үшін арнайы лицензия алдым. Кейіннен ол құжат рәміздердегі өзгерістерге байланысты күшін жойды. Содан 2017 жылы лицензияға қайта қол жеткіздік. Елтаңбаны жасап шығару үшін көбіне хроммен жұмыс жасаймыз. Ол алғашқы кездері қарайып кетіп, әуелгі түсін жоғалтып жатты. Осыдан кейін Ресей Федерациясына барып, ондағы цехтардың жұмысымен танысып, өз бетімізше зерттеу жүргізе бастадық. Нәтижесінде мақсатымызға жетіп, хромның қараймайтын жолын жасап шықтық, - дейді Б.Ыбыраев.

Қазақстанның Елтаңбасы ТМД елдерінің ішінде мазмұны терең, жасалуы өте күрделі. Серіктестік Елтаңбаны 12 см-ден бастап, 2 метрге дейінгі көлемде жасайды. Тәулігіне 200 метр Туды басып шығаратын жұмыс орнында 7 адам қызмет етеді.

- Біз материалдардың сапасына ерекше мән береміз. Ол үшін Қытайға барып, арнайы келісімшарт жасадық. Өзге кәсіпорындар байраққа тығыздығы 85 грамм болатын матаны пайдаланса, біз 105 грамды тапсырыспен алдырамыз. Тулар мен Әнұран жазылған плакаттарды басып шығаратын принтерлерді де шетелден әкелдік, - дейді кәсіпкер.

Бүгінде «Rainbow» ЖШС шығаратын 12 см Елтаңбаның бағасы – 12 000 теңге болса, 2 метрлігі 250 000 теңгеге бағаланады.

- Заңмен бекітілген стандартты қатаң сақтау үшін, талапқа сай болу үшін қырағылық қажет. Өйткені ұлттың мақтанышы, мемлекеттің негізгі нышанын айшықтайтын рәміздерді қастерлеу – әр азаматтың парызы, - деді ол.

Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасының бас маманы Динара Әбдірахманованың айтуынша, бүгінде Ертіс-Баян өңіріндегі мемлекеттік мекемелер мен ондағы басшылардың кабинетінде 3859 мемлекеттік Ту мен 3321 Елтаңба орналастырылған.

- Өңірімізде көлемі жағынан ең үлкен Ту облыс орталығында тұр. Оның ені 7*14 м, ал ұзындығы 30 м құрайды. Егер кірлесе немесе жөндеуге келетіндей кішігірім ақаулар пайда болса, онда қолданыстағы заңнама нормаларын сақтай отырып, Ту шешіліп, тазартылып, ақаулар қалпына келтірілгеннен кейін қайта ілінеді. Алайда, ауа райының жиі өзгеруіне байланысты тулардың реңі оңып, жыртылып жатады. Ондай кезде байрақты жаңасына айырбастаймыз. Бұл мақсатта арнайы қаржы бөлініп тұрады, - деді ол.


Қ.МҮСӘЙІП.

Фото: Серік Қапаров

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам, Павлодар, Рәміздер күні