Бұл туралы агенттікке Ақсу қаласындағы «Әскери-теңіз флоты» ҚБ төрағасы Ғалым Өміров мәлім етті.

- Осыдан алты жыл бұрын  теңізшілерге арналған белгі орнату туралы идея пайда болды, - дейді Ғалым Өміров. – Бұл бастаманы достарым Алексей Головастенко мен Юрий Георгиев те қолдады. Әрі қарай ұйымдастыру жоспарын құрастырдық. 2019 жылы құжаттарды дайындай бастадық. Өзім атом-су асты флотында қызмет еткенмін. Ақсуда 70 шақты адамнан тұратын экипаж бар. Сондай-ақ былтыр Павлодар қаласының запастағы теңізшілері де қосылды. Бастапқыда ескерткіш орнатқымыз келген, алайда ол үшін ҚР Мәдениет министрлігінің рұқсаты керек болды.

Ескерткіш белгінің жоғары жағында отбасына қайтып оралмаған қазақстандық теңізшілердің құрметіне арналған ұшып бара жатқан шағала құсы орнатылады. Оны жергілікті сәулетші, суретші Юриф Апсалямов дайындаған. 

Биіктігі - 8,5 метр. Конус тәрізді металл құбырдың қалыңдығы - 10 мм. Диаматері - 508 мм. Төменгі жағында алты қырлы бағанада флоттардың атаулары жазылады. Бүгінгі таңда жұмыстың 65 пайызы орындалған.

 - Бұл жобаны өз қаражатымызға жүзеге асырудамыз, - дейді Ғалым Өміров. - Стеланың құрылысы 15 мамырда қолға алынып, іргетасы қаланған. Әлеуметтік желілерде хабарландыру орналастырылған болатын. Бұдан кейін Павлодар, Семей және Нұр-Сұлтан қалаларынан теңізшілер хабарласып, материалдық көмек көрсетті. Қарапайым қала тұрғындары да шамалары жеткенше өз үлестерін қосуда. Бизнесмендер құрылысқа қажетті кран, 11 текше бетон тегін ұсынды. Электр желілерін тегін өткізді. Жергілікті теңізшілер дөңгелектері бар күрке әкеліп берді. Күзет орнатылды.

 Стеланы  шілде айында ашу жоспарланып отыр. Шағын кеме қатынасы станциясында дала асханасын ұйымдастырып, балаларға флот макароны мен флот борщын дайындау жоспарда бар. Сондай-ақ, әскери-теңіз флоты ардагерлеріне кәдесыйлар таратып, концерт ұйымдастырылмақ. Балалар арасында ең үздік теңізші костюмі мен әсем безендірілген қайық таңдап алынады. Ертіс өзенінің жағасында қайықтар шеруі өткізіледі. Барлығы 120 қайық бар. 


А. Бекжанқызы

Фото: Ғалым Өміров

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам