Балалар әдебиеті бөлімінің меңгерушісі Марина Золотухинаның айтуынша, бұдан былай павлодарлық әжелер балаларға арнап ертегілер оқитын болады.

Биыл қаңтар айында «Ұрпақтар сабақтастығы» атты жаңа жобаның тұсауын кескен еді. Жоба аясында аға буын мен балалар арасында ерекше байланыс орнатылып, үлкендер балаларға арналған тәлім-тәрбиеге толы кездесулер ұйымдастырған.

- Біздің жоба аға буын мен балалар арасында ерекше қызығушылыққа ие болған еді, - дейді Марина Золотухина. - Жоба аясында бірнеше тағылымды кездесулер ұйымдастырдық. Дегенмен төтенше жағдай кезінде бұл жобаны жалғастыру мүмкін болмады. Бірақ бұл қиындықтың да шешімін тапқандаймыз. Бұдан әрі әжелер онлайн режимде «Ұрпақтар сабақтастығы» жобасы негізінде балаларға ертегі оқитын болады.

Бүгінге дейін жобаға қатысуға ниет білдірген оннан астам әжеден өтініш келіп түскен. Олардың бірі - Бақытжамал Елеукенова.

- Безбүйрек қасқыр мен тастан-тасқа жазықсыз секіріп жүрген тиын, әтеш пен тотықұс туралы ертегілерді оқыдым, - дейді Бақытжамал Елеукенова. – Бұл ертегі балаларға бір-біріне мейірімді, қайырымды болуға, адалдыққа, біреудің еңбегін бағалауға үйретеді. Үйде кішкентай төрт жасар немерем бар. Сәтбаев көшесіндегі кітап дүкенінен кішкентай кітаптарды сатып алып, ертегі оқып беремін де, мазмұнын сұраймын. Үлкен немерелеріме де қазақ эпостарын сатып алып, «Қыз Жібек», «Ер тарғын» дастандарын оқып беретін едім, қазір олар 11-сыныпты бітіріп кетті. Өкінішке орай, бүгінде балалар компьютер мен ұялы телефонға үйір болып тұр. Ал, кітап оқудың жөні бөлек. Кітап оқып отырған сәтте құдды бір сол ауылға, қалаға кіріп кеткендей әсерде боласың. Біреу жыласа бірге жылап, қуанса, бірге күлесің. Жасым 75 жасқа келсе де кітап-журнал қолымнан түспейді.

Ертегілерді облыстық кітапхананың әлеуметтік желілердегі ресми парақшаларында әр аптаның сейсенбі және жұма күндері жарияланатын болады. Жобаға сапалы түрде жазылған, жас ұрпаққа берер тәлімі мол ертегілердің аудионұсқасы таңдалып алынады.

Ақбота Сейсенбаева

pavlodarnews.kz

Тэги: мәдениет