Облыстық ПД баспасөз қызметінің мәлімдеуінше, жыл басынан бері өңірде 176 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Салдарынан 11 адам қайтыс болса, 262 адам жарақат алды. Оның ішінде балалардың қатысуымен болған 35 жол-көлік оқиғасында бір бала қаза тауып, 38 бала жарақат алды.

- Қайғылы оқиғалар көлік жүргізушілері мен жаяу жүргіншілердің де жол қозғалысы ережелерін сақтамауы  және ұқыпсыздықтың салдарынан орын алды, - деді департаментте. - Көп жағдайда жүргізушілер белгіленген жылдамдықты асырып, тыйым салынған бағдаршам түсіне қарамай қозғалысты жалғастырған. Сондай-ақ жаяу жүргіншілерге қозғалыс кезінде жол бермеуі және кейбір жүргізушілердің мас күйінде көлік жүргізген оқиғалары тіркелді.

Жол-көлік оқиғаларында зардап шеккен жаяу жүргіншілердің көпшілігі жол қауіпсіздігінің негізгі талаптарын ескермеген. Олардың басым бөлігі жолды қызыл шамға немесе белгіленбеген жерден асығыс кесіп өтпек болған.

- Бүгінгі таңда жаяу жүргіншілердің жол-көлік оқиғалары туралы 66 фактісі тіркелді, - деді полиция департаментінде. - 5 адам қаза тауып, 64 адам жарақат алды. Бұл ретте, халықтың ажырамас бөлігіне айналған смартфондар, GPS құрылғылары және басқа да электроникалар зиянын тигізуде. 

Тәртіп сақшылары жол қозғалысы қатысушыларына жол ережелерін қатаң сақтау керектігін ескертеді. Жаяу жүргіншілерге қырағылықты ұмытпай, қараңғыда жарықтандыру элементтері бар киім киюге кеңес береді.

Фото: ашық көздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам