Орта білім алуға қатысты айтарым, оқушылардың 96%-ы, яғни, барлық мектептердегі 1-10 сынып оқушылары жаңартылған білім беру мазмұны бойынша білім алуда. Биыл қыркүйек айынан бастап 11 сыныптар да осы бағдарламаға көшетін болады. Сонымен, біз жалпы жаңартылған білім беру мазмұнына көшуді аяқтаймыз, - деді ол.

Министр оқулықтар сапасына баса назар салынып отырғанын жеткізді.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаев ұстаздардың тамыз кеңесінде де, жақында өткен Ұлттық қоғамдық сенім кеңесі отырысында да осы мәселені көтеріп, тиісті тапсырмалар берді. Әрине, бұл бір күннің жұмысы емес екенін түсіну керек. Бұл бағытта министрлік оқулықтар сапасын кешенді түрде қарастырып жатыр. Мұнда негізгі мәселе сараптау немесе баспа ісінде ғана жатқан жоқ, түбі бағдарламаны дайындау, оны пробациядан өткізу, сарапшыларымыздың, авторларымыздың дайындығында жатыр. Бұл кешенді жұмысты қажет етеді. Жауапкершілік мемлекеттік органдарға ғана емес, баспалар мен ұлттық білім академиясына және басқа да құрылымдарға түсіп отыр. Қазіргі таңда нормативті-құқықтық актілерге қатысты шаралар қабылданды. Бұл жұмыс жүйелі түрде жалғасатын болады, - деді ол.

Асхат Аймағамбетов ұлы Абайдың 175 жылдығын атап өту шарасы аясында өңірлерде Абай атындағы мектептер желісінің ашылып жатқанын айтты.

Еліміздің 10 аймағында қазақ тілі мен әдебиеті тереңдетіліп оқытылатын гумантарлық бағытта Абай атындағы мектептер ашылды. Жыл соңына дейін қалған 7 аймақта да осындай мектептер ашуды жоспарлап отырмыз. Жұмыс жалғаса бермек, - деді ол.

pavlodarnews.kz

Тэги: