Басқарманың Павлодар қаласы бойынша еңбек қатынастарын бақылау бөлімінің басшысы – Павлодар облысы бойынша мемлекеттік еңбек инспекторы Қазиза Баяхметова қашықтықтан жұмыс жасау кезінде жұмыс беруші қызметкерін барлық техникамен қамтамасыз етуге міндетті екенін атап өтті.

- Қашықтықтан жұмыс жасау еңбек кодексінде бұрыннан қарастырылған, - деді Қазиза Баяхметова. – Заң бойынша жұмыс беруші қызметкерін барлық жұмысқа қажеттіліктермен қамту керек. Егер жұмыскер өз құралдарын пайдаланса, жұмыс беруші оның ақысын төлеуі тиіс. Төтенше жағдай қашықтықтан атқарылатын жұмыс түрін тәжірибеден өткізуге сеп болды. Сондықтан бұнда кемшіліктер де, артықшылықтар да шығады. Жұмыс беруші екі жақты келісім бойынша қызметкердің су, электр және өзге де қосымша шығындарын өз мойнына ала алады.

Қазиза Баяхметова басқармаға қашықтықтан жұмыс атқару бойынша 30-дан астам, ақысыз демалысқа жіберу туралы 50-ден астам шағым түскенін айтты.

- Шағымдардың кейбірі жұмыс көлемінің артқанына, кейбірі қажетті құрал бермегеніне, кейбірі жиі жұмыс орнына шақыратынына қатысты, - деді Қазиза Баяхметова. – Бұндай жағдайда қашықтықтан жұмыс қалай атқарылатыны туралы еңбек келісімшартында жазылуы тиіс. Жедел желіге түскен 30-дан астам шағым анонимді болғандықтан жұмыс берушілерге түсіндіру жұмыстарын жүргіздік. Қашықтықтан жұмыс кезінде қызметкер әдеттегідей 8 сағат жұмыс жасаса жалақы толық сақталуы тиіс. Сондай-ақ 50-ден астам ақысыз демалысқа жіберу туралы шағым түсті. Жұмыс беруші тек қызметкердің келісімімен ғана бұл демалысқа жібере алады.

Облыста өз жұмыскерлерінің қашықтықтан жұмыс жасауына жағдай жасаған кәсіпорындардың бірі – «Богатырь Транс» ЖШС. Темір жол жүк тасымалы және вагондарды жөндеумен айналысатын кәсіпорынның қаржы директоры Юлия Лазовская ТЖ кезінде 600 қызметкердің 44 пайызы қашықтықтан жұмыс жасағанын айтады.

- Қашықтықтан жұмыс жасау кезінде қызметкерлер кімге қандай құрал керек болса соны алып кетті. Жалақы сақталып, барлық әлеуметтік төлемдер жасалды. Ешкім жұмыстан қысқарған жоқ. Оған қоса, жұмыскерлердің ұялы байланыс ақыларын төлеп бердік. Өйткені қоңырау шалу арқылы жұмыс жасайтындар бар. Біздің негізгі жұмыс – өндіріс саласы болғандықтан көбіне келіп жұмыс жасауға тура келді. Қазір 10 адам қашықтықтан жұмысын жалғастыруда.

«Богатырь Транс» ЖШС менеджмент және тауар сапасы қызметінің бас маманы Анна Полешко БАҚ өкілдерін үйдегі жұмыс орнымен таныстырды.

- Маған қашықтықтан жұмыс жасау кезінде жұмыс беруші компьютер, байланыс құралын беріп, барлық мәліметтер базасына қолжетімділікті қамтамасыз етті. Қажет болса басқа да заттарды береді. Арнайы бағдарлама құрып, сол арқылы ақпараттармен алмастық. Керек кезде өздері қызметтік көлікпен келіп алып кетеді. Қашықтықтан жұмыс жасауға ұсыныс білдіргендердің бірі менмін. Қазір де үйден жұмыс жасаудамын. Үйден шығуға тыйым салынған кезде жұмыс уақытының соңында қиындау болды. Ал, қазір бәрі ұнады. Әрі қарай да қашықтықтан жұмыс жасауға қарсы емеспін.

Айта кетейік, облыстық еңбек басқармасы 19 кәсіпорынға мониторинг жүргізеді. ТЖ кезінде сол 19 кәсіпорындағы 49 мыңнан астам қызметкердің 1500-ден астамы қашықтықтан жұмыс жасаған.

Сонымен қатар, қашықтықтан жұмыс режиміне толықтай ауысуға ниет білдірушілер де бар. Бүгінде С.Торайғыров атындағы ПМУ ІТ мамандарын қашықтықтан жұмыс жасау режиміне ауыстыруда.

Оразбек Саяхат
Фото: автор

pavlodarnews.kz

Тэги: