«Азаматтарға арналған үкімет» мемлекеттік корпорациясы Павлодар облысы бойынша ҰАҚ филиалының PR-менеджері Мейрамгүл Әбдірахманованың айтуынша, павлодарлықтар мамыр айында ХҚО-лар ашылғаннан кейін көбіне жеке куәлік пен паспорт алу үшін жүгінген. Алдын ала есептеулер бойынша 11 мыңға жуық азамат жеке басын куәландыратын құжатын жаңартқан.

- Екінші орында автокөлікті қайта тіркеу қызметі тұр, - дейді Мейрамгүл Әбдірахманова. - Мамырда автомобиль иелері мамандандырылған ХҚО-да 6 мыңға жуық көлікті қайта тіркеген. ХҚО-лардың ашылуын жылжымайтын мүлік иелері де күтті. Азаматтар жылжымайтын мүлікке құқықтарды (ауыртпалықтарды) мемлекеттік тіркеу қызметі үшін ХҚО-ға 3 мыңнан астам рет жүгінген.

Азаматтарға арналған үкіметтің алдын ала мәліметтері бойынша мамыр айында ХҚО арқылы 40 мыңға жуық мемлекеттік қызмет алынған.

Естеріңізге сала кетейік, төтенше жағдай режимі алынып тасталғаннан кейін ХҚО ғимараттарында азаматтардың жиналуын және қызмет алушылардың вирусты жұқтыру жағдайларын болдырмау үшін ХҚО-лар egov.kz порталында қолжетімсіз және тек алдын ала брондау арқылы «қағаз» жүзінде көрсетілетін қызметтерді (106 мемлекеттік қызмет) ғана ұсынады.

ХҚО-ға кезекті еgov.kz порталы, eGovKzBot2.0 телеграм-боты немесе 1414 байланыс орталығына қоңырау шалу арқылы брондауға болады.

 

pavlodarnews.kz

Тэги: қоғам