Nur Otan партиясы Павлодар облыстық филиалының баспасөз хатшысы Диана Ерғалым бір реттік ақшалай көмекті 5018 адам алатынын атап өтті.

- «Birgemiz» қорының жұмысы жалғасуда, - деді Диана Ерғалым. – Елбасы Nur Otan партиясының бұл жұмысының маңыздылығын атап өтіп, қор арқылы шағын қалалар мен ауыл тұрғындарына көмек көрсетуді тапсырды. 50 мың теңгелік ақшалай көмектің үшінші легі бойынша Павлодар облысында Ақсу қаласының және Павлодар, Шарбақты, Май, Успен аудандарының ірі қалаларға жақын ауылдарының тұрғындары алады. 5018 адамның ішінде 2645 адам – Ақсу қаласынан, 494-і – Май ауданынан, 474-і – Шарбақты ауданынан, 484-і – Успен ауданынан және 1101 – Павлодар ауданынан.

Ақшалай көмекті алушылардың тізімін қалалар мен аудандардың әкімдігі, әлеуметтік қорғау органдары ұсынып, олардың қатарына әлеуметтік әлсіз топтағы және табысы аз тұрғындар енді.

Диана Ерғалымның айтуынша, Елбасы алдағы уақытта көмектің төртінші легін жалғастыруды тапсырды. Бұл ретте көмек тікелей еліміздің ауыл тұрғындарына көрсетіледі.

- Қаржылай көмек екінші деңгейлі банктер арқылы жеке тұлғалардың картасына немесе ағымдағы есеп шотына түседі, - деді Диана Ерғалым. – Сонымен қатар, қаржы түскен кезде банк тарапынан ақы алмау, ақшаны несиелік қарыздарға ұстап қалмау қарастырылған.

Барлық сұрақтар бойынша жұмыс күндері өңірлік «Birgemiz Pavlodar» қоғамдық қорының байланыс орталығының 65-11-58, 61-80-99 нөміріне хабарласуға болады.

Еске салайық, Павлодар облысында 30 наурызда «Birgemiz Pavlodar» өңірлік қоғамдық қоры ашылып, партия тарапынан 2 кезеңмен 21 899 адам жалпы сомасы 1,09 миллиард теңгеге ақшалай көмек алды.
Атап айтсақ, Павлодар қаласында 15433, Екібастұз қаласында 6466 адам алды.

Оразбек Саяхат
Фото: ашық дереккөздерден

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Nur Otan, партия, көмек