Павлодар облысының туризмді және спортты дамыту жөніндегі басқармасының мәлімдеуінше, спорт нысандарын жөндеу жұмыстары басталып кеткен.

Өңір басшысының орынбасары Сәкен Шаяхметов барлық жұмыс түрлерінің сапасын бақылауды қамтамасыз ету мақсатында облыс орталығындағы бес нысанда болды. Жұмыс сапары барысында ол барлық жобаларды уақытылы аяқтап, олардың сапалы орындалуын қамтамасыз ету керек екенін атап өтті.

- Әр нысан бейнебақылау камерасымен жабдықталуы керек, - деді Сәкен Шаяхметов. - Бұл мердігер жұмысының нақты сапасын қамтамасыз етеді. Сонымен қатар, жұмысшыларға жайлы жағдай жасау туралы ұмытпаған жөн. Өйткені сапа осыған байланысты.

Айта кету керек, облыс әкімінің орынбасары «Астана» мұз сарайының ғимаратында болды. Мұнда шатырдың күрделі жөндеуін және электр желісін ауыстыруды бастады. Жұмыстарды 2020 жылғы қыркүйекте аяқтауды жоспарлап отыр.

№2 олимпиадалық резервтегі балалар мен жасөспірімдерге арналған мамандандырылған мектепте өңір басшысының орынбасары мердігерлер «Tabys Power Construction» ЖШС және «Альтаир Холдинг» ЖШС өкілдерімен кездесті. Құрылысшылар тамыз айында шатырды ағымдағы жөндеу, сондай-ақ қасбеті мен тақтайлы еденді күрделі жөндеу жұмыстары аяқталатынын айтты.

Оған қоса, Павлодарда және Ленин кентінде орналасқан «Батыр» балалар мен жасөспірімдер дзюдо мектебінде күрделі жөндеу жұмыстары басталды. Бұл орынжайларға мектеп құрылғаннан бері жөндеу жүргізілмеген. Жобаға барлығы 180 млн теңге бөлінді.

«Шахмат үйі» мен Орталық стадион ғимараттарын аралаған Сәкен Шаяхметов мердігерлердің жұмысы қатаң бақылауға алынатынын айтты.

- Павлодар облысында «Жұмыспен қамтудың жол картасы» аясында екі жаңа спорт нысаны салынуда. Тереңкөл ауылында жабық хоккей корты пайда болады. Ақсу қаласында дене шынықтыру-сауықтыру кешенінің құрылысы басталды. Нысандардағы жұмыс қатаң түрде кестеге сәйкес жүргізіледі, - деді басқармада.

pavlodarnews.kz

Тэги: