Бұл туралы бүгін өңірлік коммункациялар қызметінде өткен брифингте өңірдің бас имамы Мұсабек Ақтамберді мәлімдеді, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

Бас имамның айтуынша, облыстағы 748 мешіттің 632-інде жұма намазы оқыла бастайды. Ал, өзге бес уақыт намаздар барлық мешіттерде орындалады. Бас санитар дәрігердің қаулысы бойынша, жамағаттан ара қашықтықты сақтау талап етіледі. Сыймағандар мешіт сыртында құлшылық жасайды. Айта кетерлігі, мешіттер жалпы көпшілікке 2 кезеңмен ашылады. Алдымен аудан-қала, ауылдық округтердегі жамағаты көп жиналатын ірі мешіттер ашылады.

Екіншіден, барлық ауыл-аймақтың мешіттері жаппай жамағатты қабылдай алады. «Карантин жағдайында мешіт қызметкерлері мен келушілер міндетті түрде бетперде киюі тиіс. Барлық мешіттердің намаз оқитын, құран оқитын бөлмелері антисептикалық құралдармен қамтамасыз етіледі. Келушілер 1,5 метр арақашықтықты сақтай отырып жеке және жамағат намаздарын оқиды. Мешіт дәретханалары қауіпсіздік мақсатында карантин режимі аяқталғанша жабық тұрады. Жұма уағызы айтылмайды. Жұма намазының құтпасы мен намазы 15 минуттан асырылмайды», - деді облыс имамы. Сонымен қатар, бас имам облыс орталығындағы 30 мешіттің әзірге 17-сі ғана көпшілікке ашылатынын жеткізді. Бұл мешіттердің қатарында «Бекзат», «Құддыс», «Ақмешіт», «Нақып ата», «Игілік», «Тұяқбай», «Асанбай», «Иассы», «Н.Төреқұлов» сынды құлшылық үйлері бар.

pavlodarnews.kz

Тэги: