Отандық БАҚ саласын дамыту мәселелеріне арналған дөңгелек үстел жиынында Мәжіліс депутаты Дархан Мыңбай БАҚ-тың қоғамдық санаға әсері туралы айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Депутат БАҚ саласында қол жеткен табыстар да баршылық, шешімін таппаған мәселелерде жеткілікті екенін айта келе, олардың сараптау үшін осындай жиындардың маңызы зор екенін атап өтті.

«БАҚ саласындағы негізгі мәселелерге тоқталсақ, алдымен кәсіби журналистерді даярлау ісіне мән беру керек. Оларды әуесқой журналистерден ажырата білу маңызды. Саланың обалын кәсіби журналистикадан көрмесін десек, арнайы ЖОО-лардың, БАҚ ұжымдарының, қауымдастықтардың ынтымақтастығын күшейту қажет. Әлеуметтік желілердің дамуына да кәсіби журналистер көп үлес қосуда. Блогерлердің шеберлік сабағын, лекцияларын ұйымдастырса, дұрыс болар еді. Салалық мамандандыру үрдісін жалғастырып, 30 елдің қатарына қосылу үшін салалық журналистиканың тынысын ашып, дүниеге көршінің көзімен қарау, әлемді қоңсының құлағымен тыңдау әдетінен арылуымыз керек», – деді Дархан Мыңбай.

Сонымен қатар, депутат мемлекеттік тапсырыс көлемін ұлғайту, оны орындау критерийлерін өзгерту, еліміздің заңдарын тиімді пайдалану, соның ішінде ақпаратқа қол жеткізу мәселелеріне назар аударды.

pavlodarnews.kz

Тэги: