Бұл туралы облыстық әкімдікте өткен жиында Павлодар қаласының әкімі Қайрат Нүкенов мәлім етті.


- Затон шағын ауданындағы 22 ескі үйде 176 пәтер бар, - деді Қайрат Нүкенов. – Тұрғындардың басым бөлігі ескі үйлерін сүруге келісіп, уақытша басқа жаққа көшуге дайын. Сол орында 11 жаңа үй тұрғызылып, 900-ге жуық пәтер пайда болады. Қазіргі уақытта шағын ауданның жобалық-сметалық құжаттамасы дайындалуда. Шілде айының соңына дейін сараптамадан өтеді.

Облыс әкімі Әбілқайыр Сқақов Затон шағын ауданындағы құрылыс барысында «Сарыарқа» шағын ауданындағы қателіктерге бой алдырмауды тапсырды.

- Затон шағын ауданының жобасында «Сарыарқадағы» қателіктердің бәрі қаралу керек. Қалай жұмыс жасау керектігін білу қажет. «Сарыарқадағы» ескі үйлерді сүрумен 4 жылдан бері жұмыс жасалынып келеді. Тәжірибе жинайтындай уақыт болды. Сол қателіктерді қайталауға болмайды. Құрылыс басқармасы заңгерлермен барлық келісімшартты қарастырып шығуы керек.

Еске салайық, Павлодардағы құрылыс жұмыстарының қарқынды жүруіне ескі үйлерді сүру мәселесі тосқауыл болуда. Бүгінде «Сарыарқа» шағын ауданындағы 200-ге жуық ескі үйдің 12-сі қалған.

Оразбек Саяхат
Фото: Валерий Бугаев

pavlodarnews.kz

Тэги: Павлодар, Затон шағын ауданы, баспана, құрылыс