Облыстық ақпарат және қоғамдық даму басқармасы басшысының орынбасары Руслан Тілеулесовтың мәліметінше, жыл басынан бері үш ай ішінде өңірде жұмыссыз жастар саны 0,6 пайызға азайған.

- Жұмыс істемейтін және білімсіз жастардың үлесі 4,9 пайызды құрады, - дейді Руслан Тілеулесов. - Бұл - ел бойынша орташа көрсеткіштен жоғары. Жастар тап болатын негізгі мәселелер білім, жұмыспен қамту, тұрғын үй болып саналады. Өңірдегі 14 пен 29 жас аралығындағы жастардың жұмыс жағдайын бейінді мемлекеттік орган, біздің әріптестеріміз, ведомствоға қарасты мекемелер бақылауда ұстайды.

Басқарма ұсынған мәліметке сүйенсек, өңірде 14 пен 29 жас аралығындағы 165 мың жастың алты мыңға жуығы жұмыс істемейді.

- Жастар бастамаларын дамыту орталығының мамандары жұмыс іздеуші 14-35 жастағы адамдарға түйіндеме құрастыруға көмектеседі, - дейді орталық директоры Төлеген Айтбаев. - Бос жұмыс орындар базасын көрсетеді. Сондай-ақ, қажетті ұйымдардың тізімін ұсынады. Кеңес берілген бір аптадан кейін жұмыс іздеуші адамдардан олардың жұмысқа орналасу барысын сұрайды. Егер оларды жұмысқа қабылдамаса, онда орталық мамандары ұйымдардан себебін анықтайды. Осы арқылы мәселенің басын ашады.

Облыстық жұмыспен қамту орталығының мәліметінше, enbek.kz сайтында облыс бойынша екі мыңға жуық бос жұмыс орны бар. Порталда жастарға қол жетімді мемлекеттік гранттар, курстар мен бағдарламалар туралы ақпарат орналастырылады.

- «Жұмыспен қамтудың жол картасы» бағдарламасы аясында құрылыс мамандықтары бойынша уақытша жұмыс орындарына орналасуға мүмкіндік бар, - деді қалалық орталықтың директоры Динара Құрымбаева. - Ол үшін жұмыспен қамту орталығына жеке куәлікпен жүгіну керек. Демалыс күндері көгалдандыру бойынша қоғамдық жұмыстарға жібереміз. Ең төменгі жалақы – 42 500теңге. Ал түлектер үшін бізде жастар тәжірибесі бар. Егер орта арнаулы білімі немесе жоғары білімі туралы диплом болса, тәжірибеден өте алады. Шілде айынан бастап жұмысқа жіберуге болады.

Бірақ бітіруші аталмыш бағдарламаны тек университетті бітіргеннен кейін бірінші жылы ғана пайдалана алады.

Жұмыс іздеп жүрген түлектер жұмыспен қамту орталықтарына немесе жастар бастамаларын дамыту орталығына өтініш жолдауына болады.

- Жастар тәжірибесіне қатысушылар кәсіпорында жарты жыл жұмыс істейді, - дейді Руслан Тілеулесов. - Одан кейін кәсіпкер шартты ұзарта алады. Ай сайын оларға 25 АЕК еңбекақы ретінде төленеді. Кәсіпкер үшін бұл маманның мүмкіншілігін көруге, ал жас маман үшін өзін көрсетуге және тәжірибе жинауға мүмкіндік береді. Осы бағдарламаның арқасында көптеген жастар тәжірибеден кейін жұмыс істеуді жалғастыруда.

Айгүл Жүсіпова 

Фото: ашық дерекөздерден, ӨКҚ

pavlodarnews.kz

Тэги: